11 маусымда ҚР президенті Н.Ә.Назарбаевтың жүлдесі үшін ат жарысынан "ЭКСПО кубогы" ұйымдастырылады, деп хабарлайды atpress.kz. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды.
ҚР "Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы" президенті Бекболат Тілеуханның айтуынша, 25 шақырымдық аламан бәйгеге, 15 шақырымдық топ бәйгеге, 7 шақырымдық құнан бәйгеге, 7 шақырымдық жорға жарысқа әр облыстан биылғы жылғы іріктеу бәйгелерінде жүлдегер болған таңдаулы сәйгүліктер ғана қатысады. Барлығы 130-дан астам қатысушы тіркелген.
Спорт және дене шынықтыру комитетінің төрағасы Елсияр Баймұхамедұлы жүйрік аттар жарысы бойынша (2400 және 1800м) сыйақы қоры – 63 млн. 600 мың теңгені құрап дейді. Ұлттық жарыс түрлерінің сыйақы мөлшері – 36 млн. теңге екен.
Жарысқа еліміздің әр өңірінен және Ресейден, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркия, Болгария мен басқа да елдерден қатысушылар келеді деп күтілуде. Жарыстың үзіліс кезінде "джигитовка", "теңге ілу", "жамбы ату", "қыз қуу", қазақы тазы иттер жарысы сияқты ұлттық спорт түрлерінен көрсетілімдер ұйымдастырылады.
Ат жарысы биылғы жылдың 11 маусымында сағат 10:00-де Астана қаласының "Қазанат" ипподромында басталады.