Алматыда 17 қазанда Mass Alert жедел құлақтандыру жүйесі сынақтан өткізіледі. Енді бұл құлақтандыру iOS операциялық жүйесін пайдаланушыларға да қолжетімді болады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Мобильді құрылғы пайдаланушыларына "Ұлттық құлақтандыру" белгісімен сынақ туралы хабарлама жіберіледі, ал кейбір Android операциялық жүйесі бар құрылғыларға "Президенттік құлақтандыру" белгісімен ескерту түседі.
Хабарламалар "Ұлттық құлақтандыру" немесе "Президенттік құлақтандыру" деген тақырыппен келеді, себебі халықаралық сипаттамаға сәйкес, телефон өндірушілерінің барлығы тесттік немесе жедел құлақтандыруды мемлекеттік органдар іске қосқанда, операциялық жүйелерінде осындай атаулар қолданады.
Алматылықтар мен қала қонақтарына алаңдаудың қажеті жоқ, себебі бұл жай ғана сынақтан өткізу.
Айта кету керек, iPhone құрылғыларының иелері iOS 18 бағдарламалық жасақтамасы болса ғана ескерту алады.
Осыған байланысты алматылықтар мен қала қонақтарына құрылғыларын iOS 18 жүйесіне жаңарту қажет. Егер құрылғы автоматты түрде жаңартылмаса, оны "Баптаулар – Негізгі – Бағдарламалық жасақтаманы жаңарту" деп өзі жаңарту керек.
Естеріңізге сала кетейік, биыл 31 мамырда бірінші кезеңде Android операциялық жүйесі бар құрылғыларға сынақтан өткізу жүйесі жүргізілді. Екінші кезеңде iOS құрылғыларының пайдаланушылары электрондық құлақтандыру жүйесіне қосылады.