Қыздар университетінің ұстазы, жоғары оқу орнының үздік оқытушысы, Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгінің иегері, филология ғылымдарының докторы Руда Зайкенованың "ХХ ғасыр басындағы әдебиет және Алаш ұстанымы" атты кітабы жарық көрді, деп хабарлайды inform.kz.
"Бұл оқулықтың ерекшелігі, біріншіден, үш бағыт: күрескер-ұлтшылдық, діни-милләтшілдік бағыт, ағартушы-демократnық бағыт өкілдері бойынша алып тұлғалардың өмірбаяны мен шығармашылық еңбектері жүйеленіп берілді. Яғни, үш топқа бөліп, жіктеп берілді. Екіншіден, ХХ ғасыр басындағы әдеби үрдіс пен оның тұлғалары бір бөлімге шоғырландырылды. 50-ге жуық қаламгердің өмірі мен шығармашылығы бүгінгі оқытудың инновациялық талабына сай бірінші рет тұтас ұсынылып отыр. Сонымен қатар кітапта Алаш ұранды әдебиеттің көшбасшыларымен бірге тізе қосып, келешек ұрпақ қамы үшін көптеген мақала жазып, тауқыметті өмір азабын бірге көтеріскен С.Асфендияров, Х.Ғаббасов, М.Шоқай, М.Тынышбайұлы, С.Аманжолов, Б.Құлманов, Б.Мәметов сынды көрнекті тұлғалар туралы да мәліметтер беріліп отыр. Оқулықта сондай-ақ ХХ ғасырдың басындағы баспасөз мәселесі мен сал-серілер поэзиясы да толық қамтылып, біршама шығарма контекстік оқу әдісі бойынша берілді", – дейді автор Руда Зайкенова.
Ғалымның айтуынша, бұл кітап – Алаш Орданың 100 жылдық мерейтойына арнайы жасалған тарту.