Құжаттың жаңа редакциясына сәйкес, жаңартылған шекаралар жеке жоспармен бекітіліп, "Alatau" АЭА Қонаев және Алатау қалаларының, сондай-ақ Алматы облысының Талғар және Іле аудандарының аумақтарын қамтыды.
Сонымен қатар аймақ ресми түрде порттық арнайы экономикалық аймақ ретінде белгіленді. Оның жалпы аумағы 98 982,98 гектар. Аумағына өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін дамытуға арналған учаскелер, оның ішінде әуежайлардың жобалық қызмет көрсету аймақтары кіреді.
Құжатта 2047 жылға дейінгі аймақты дамытуға арналған нысаналы индикаторлар да белгіленген. Атап айтқанда, жалпы инвестициялар көлемі 1666,64 млрд теңге. Оның ішінде шетелдік инвестициялар – 1028,32 млрд теңге, ал отандық инвестициялар – 638,32 млрд теңге.
Оған қоса, АЭА аумағында өндірілетін тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің жалпы көлемі 1759 млрд теңгеге жетуі тиіс. Қатысушы компаниялар саны 53 болады деп жоспарланған. Арнайы экономикалық аймақта 17 366 жаңа жұмыс орны құрылуы көзделген. Ал осы аумақта өндірілетін өнімдегі қазақстандық үлес 91% деңгейінде айқындалған.