Қайрат Сатыбалдыұлының Alatau Capital Invest (AСI) компаниясы "Қазақтелеком" АҚ-ның 3,4 пайыз акциясын сатып алды. Бұл туралы АСІ-дің баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады 7kun.kz.
Өзінің инвестициялық портфелін әртараптандыру стратегиясы аясында АСІ байланыс компаниясының жалпы құны 5,8 млрд теңгені құраған 413 316 000 акциясын сатып алды.
Естеріңізге сала кетейік, Қайрат Сатыбалдыұлы инвестиция тарту мақсатында 2016 жылы Alatau Capital Invest компаниясын ашқан еді. Қазақстандық инвестициялық ұйымның жұмысындағы алғашқы келісімі – "Бэриг Восток" компаниясымен серіктестік жөніндегі меморандумға қол қоюы еді.
Бүгінде Қайрат Сатыбалдыұлы "Kaspi" АҚ холдингінің 30 пайыз акциясына ие. Ол Вячеслав Ким, Михаил Ломтадзе және Baring Vostok-пен бірге холдинг акционерлерінің қатарында.
Айта кетейік, "Қазақтелеком" АҚ-ның 51 пайыз акциясына ие "Самұрық-Қазына" – компанияның негізгі акционері.