Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров Алатау қаласы қандай қаржыға салынатынын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Министр инфрақұрылымына инвестициялық қаражат жұмсалған Түркістан қаласын мысалға келтірді. Сөзінше, дәл осы тәсіл бойынша Алатау қаласы да бой көтереді.
"Әрине, оның бюджет қаражаты есебінен салынбайтыны түсінікті, бұл ақылға қонымсыз. Біз онда арнайы экономикалық аймақтар құрып жатырмыз, жалпы қаланың өзі арнайы экономикалық аймақ болады. Осы қағида бойынша Алатау қаласы салынады", – деді министр Мәжіліс кулуарында.
Нұрлан Байбазаров әкімдік пен жаңа қалада жұмыс істейтін басқа да мемлекеттік органдарға байланысты шығыстарға бюджет қаржысы кететінін түсіндірді.
"Бюджет есебінен қонақ үйлер мен мейрамханалар салмаймыз. Мұны бизнес істеуі тиіс. Бұл үшін ерекше жағдайлар жасалып, жеңілдіктер беріледі", – деп атап өтті ведомство басшысы.
Министр тартылатын инвестиция сомасы әзірге белгісіз екенін нақтылады.