Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі таратқан ақпараттан белгілі болды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Алатау қалалық кеңесінің отырысы Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өтті.
Күн тәртібінде қаралған басты мәселелердің бірі – Алатауды дамытудың алдағы 30 жылға арналған ұзақмерзімді жоспарының жобасы. Жоспар болашақ технологияларға бейімделе алатын және өмір сүруге қолайлы жағдайлар мен бизнесті жүргізу үшін болжамды жағдайларды қамтамасыз ете алатын заманауи, инвестициялық тартымды және тұрақты қаланы құруға негіз қалайды.
"Құжат Arup компаниясының халықаралық кеңесшілерімен бірлесіп, аумақты кешенді түрде талдау, экономикалық және демографиялық әлеуетті бағалау, қаланың кеңістікке орналастыру құрылымын, көлік және инженерлік инфрақұрылымын жобалау негізінде дайындалған.
Жоспар жобасын әзірлеудегі негізгі міндет қаланың біртұтас әрі теңдестірілген моделін құру болды, онда экономикалық даму, көлікке қол жетімділік және инфрақұрылым мен қалалық ортаның сапасы тығыз байланыстырылған. Басты назар жоспар бойынша қабылданған шешімдерге, аумақтық және экологиялық шектеулерді есепке алуға, инвестициялық жобаларды интеграциялауға, сондай-ақ инфрақұрылымдық қажеттіліктерді халықтың болжамды өсуімен және жұмыспен қамтумен үйлестіруге аударылды", – делінген хабарламада.
Отырыс барысында Алатау қаласының арнайы режимінің құқықтық негізін қалыптастыруға бағытталған екі Реттеуші ереженің жобасы да қаралды.
Бірінші құжат нормативтік құқықтық актілерге бірыңғай талаптарды, оларды әзірлеу, қабылдау және қолдану тәртібін белгілейді. Құжатта құқықтық сараптама жүргізу, жария талқылау және актілерді қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жариялау көзделген.
Екінші жоба арнайы құқықтық режим шеңберінде Алатау резиденті болып саналатын заңды тұлғалардың қызметін реттейді. Оны қабылдау құқықтық сенімділікті арттыруға, реттеудің ашықтығын қамтамасыз етуге және кәсіпкерлікті дамыту мен инвестициялар тарту үшін қолайлы жағдайлар жасауға арналған.
Отырыстың тағы бір мәселесі – Алатаудың нормативтік жүйесін әзірлеуге қатысатын қала әкімшілігінің алқалы басқару органы Реттеуші комиссияны жасақтау. Сондай-ақ Алатау әкімшілігінің мамандандырылған органдары қызметінің ұйымдастырушылық мәселелері талқыланды.