Бұл туралы Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясы хабарлады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жаңа институт Алатау қаласында жасанды интеллект, цифрлық басқару жүйелері және зияткерлік инфрақұрылымды дамытуға бағытталмақ.
Осы мақсатта Қазақстанның Ұлттық ғылым академиясы, Alatau City Authority, Қытайдың Шэньчжэнь университетінің Ақылды қалалар ғылыми-зерттеу институты және LAY-OUT Planning Consultants компаниясы төртжақты ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.
Жоба аясында қытайлық мамандар цифрлық егіздер, геокеңістіктік технологиялар, заттар интернеті (IoT) және қаланы интеллектуалды басқару жүйелері бойынша ғылыми әзірлемелер жүргізеді. Ал Қазақстанның Ұлттық ғылым академиясы ғылыми және стратегиялық үйлестіруге жауап береді.
Алатау қаласы жаңа технологияларды сынақтан өткізетін алғашқы алаңдардың бірі болмақ. Мұнда қаланы жоспарлау, құрылыс жүргізу, көлік қозғалысын ұйымдастыру және инфрақұрылымды басқару жүйелеріне цифрлық шешімдерді бастапқы кезеңнен енгізу көзделген.
Жобаның басым бағыттары қатарында жасанды интеллектіні пайдалану, ақылды көлік жүйелерін дамыту, қаланың цифрлық моделін жасау және мамандар даярлау бар.
Ұлттық ғылым академиясының мәліметінше, болашақ институт Қазақстан мен Қытай арасындағы ғылыми ынтымақтастықты кеңейтіп, заманауи қала технологияларын жергілікті жағдайға бейімдеуге мүмкіндік береді.
Алдағы уақытта бірлескен зерттеулер нәтижесінде әзірленген технологияларды Қазақстанның өзге қалаларында және Орталық Азия елдерінде қолдану мүмкіндігі де қарастырылмақ.