Құжат Алатау қаласында тиімді басқару жүйесін қалыптастыруға, цифрлық және инновациялық технологияларды енгізуге, халықаралық стандарттарды қолдануға, сондай-ақ қала құрылысы, әлеуметтік, экологиялық және инвестициялық үдерістерді реттеуге бағытталған, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Заң жобасын қабылдаудың негізгі мақсаты – Алатау қаласының дамуына жеке инвестиция тартуға қолайлы құқықтық, ұйымдастырушылық және экономикалық жағдайлар жасау.
Министрліктің мәліметінше, бұл бастама ел экономикасының сапалы өсіміне ықпал етуі тиіс.
Құжатта Алатау қаласын:
- халықаралық деңгейдегі экономикалық, технологиялық, ғылыми-білім беру және инвестициялық орталыққа айналдыру;
- адам капиталы мен технологияларды жедел тартуға мүмкіндік беретін дербес құқықтық және әкімшілік режимді ұзақ мерзімге орнықтыру;
- инвестициялардың құқықтық қорғалу кепілдігін күшейту;
- "ақылды қала" қағидаттарын енгізу;
- қалалық ортаны басқаруда алдыңғы қатарлы реттеу тәжірибелерін қолдану көзделіп отыр.
Арнайы мәртебе қандай қағидаттарға негізделеді?
Заң жобасына сәйкес, Алатау қаласының арнайы мәртебедегі қызметі мынадай негізгі қағидаттарға сүйенеді:
- ашықтық;
- аумақтық қағидат;
- "бір терезе" қағидаты;
- цифрлық басымдық;
- субсидиарлық;
- тұрақтылық;
- қаржылық орнықтылық;
- жеке инвестициялардың басымдығы.
Аталған қағидаттардың бұзылуы орталық мемлекеттік органдар мен қала әкімшілігі қабылдаған актілерді заңсыз деп тануға және олардың күшін жоюға негіз болуы мүмкін.
Ашықтық пен қаржылық тұрақтылық талаптары
Заң жобасына сәйкес, Алатау қаласына қатысты қабылданатын барлық шешімдер мен әкімшілік актілер ашық қолжетімді интернет-ресурстарда жариялануы тиіс. Жарияланбаған құжаттар заңды күшіне енбейді.
Сонымен қатар, Алатау резиденттеріне берілетін жеңілдіктер мен преференциялар, олардың инвестициялық міндеттемелері құпия ақпарат болып саналмайды және ашық түрде жарияланады.
Қаржылық орнықтылық қағидатына сәйкес, қаланың әкімшілік шешімдері Қазақстанның қаржы жүйесіне зиян келтірмеуі тиіс. Ал жеңілдіктер тек жаңа инвестициялар аясында ұсынылады.
Қала дамуы – жеке инвестициялар есебінен
Құжатта Алатау қаласын дамыту негізінен жеке инвестициялар арқылы жүзеге асырылатыны көрсетілген.
Ал бюджет қаражаты мен квазимемлекеттік сектор инвестициялары көлік, коммуналдық, энергетикалық және әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға ғана бағытталады.
Алатау қаласын басқару жүйесі
Алатау қаласындағы мемлекеттік басқару органдары:
- әкімшілік,
- әкімдік,
- мәслихат.
Әкімшілік – Үкімет құрамына кірмейтін, қаланың дамуы мен қызметін үйлестіретін орталық атқарушы орган. Оның жоғарғы басқару органы – Премьер-министр басқаратын Кеңес.
Алатау қаласының әкімі Президент пен Үкіметтің өкілі болып саналады және Кеңес пен мәслихатқа есеп береді.
Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, бұл конституциялық заңды қабылдау:
- арнайы экономикалық аймақты дамытуға,
- инфрақұрылымды нығайтуға,
- тұрақты инвестициялық ахуал қалыптастыруға мүмкіндік береді.