Алатау қаласында, ең алдымен бизнес жүргізуге қолайлы жағдай жасау керек – Президент

Қаланың Алматыға іргелес орналасуы көп мүмкіндіктерге жол ашады.  

Алатау қаласында, ең алдымен бизнес жүргізуге қолайлы жағдай жасау керек – Президент Фото: caspian.kz

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алатау қаласын дамыту жөніндегі кеңесте айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

– Әсіресе, сауда-экономика және көлік-логистика саласындағы байланыстарды едәуір кеңейтуге болады. Мұны аймақтағы билік өкілдері де, кәсіпкерлер де жақсы түсінуге тиіс деп санаймын.

Сондықтан тағы да атап өткім келеді: Алатау қаласында, ең алдымен, бизнес жүргізуге қолайлы жағдай жасау керек. Жаңа кәсіпорындар ашылса, мұнда жұрт та көбірек келіп, тұрақтай бастайды. Бұл үрдіс Алматыға жұмыс бабымен күнделікті келіп-кететін халықтың санын азайтады, – деді Президент.

Жалпы, күн сайын Алматыға облыстан 400 мыңға жуық автокөлік кіріп-шығады. Сол себепті, Алматы агломерациясындағы көлік қатынасын күшейткен дұрыс. Соның арасында жылдамдығы жоғары қоғамдық көлік жүйесін белсенді дамыту кезек күттірмейді.

– Осыған орай, Алматы қаласының және Алматы облысының әкімдеріне "Самұрық-Қазына" қорымен бірлесіп, биыл бірінші тамызға дейін "Skytrain" желісін салу мәселесін пысықтауды тапсырамын. Бұл желі қаланың шекарасынан шығысқа және батысқа қарай тартылуға тиіс.

Сондай-ақ, Алатау мен Алматы қалаларын жалғайтын жүрдек қоғамдық көлік жүйесін дамыту мәселесін пысықтау қажет.

Жаңа шаһардың Үлкен Алматы айналма автокөлік жолының бойында орналасуы және Алатау қаласын Қорғаспен қосатын теміржол тармағының жоспарлануы келешекте Алматы агломерациясының ауқымын кеңейте түседі. Яғни, ауқымды облыстық кластер пайда болады. "Almaty SkyHub" заманауи мультимодальді логистика орталығы өңірдегі маңызды жобалардың бірі болмақ.

Осы өршіл жобаларды жүзеге асыру үшін барлық қажетті жағдайды жасап, инвесторларды белсенді түрде тарту керек.

Қазірдің өзінде сауда-логистика орталығын және қойма инфрақұрылымын дамытуға қызығушылық танытып отырған әлеуетті серіктестердің, соның ішінде шетел компанияларының бар екенін білемін, – деп сөзін нақтылады Мемлекет басшысы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу