Қостанай облысының полициясы "FIVE WINDS Asset Management" компаниясының өкілдерінен алданып қалған тұрғындарын іздестіріп жатыр деп жазады Alau.kz-ке сілтемемен almaty.tv.
Тәртіп сақшыларының мәліметінше, 2017 жылдың 1 ақпанынан 2018 жылдың 30 мамыры аралығында 40 жастағы әйел қаржы пирамидасын құрып, жергілікті тұрғындардан ақша жинай бастаған.
"Алаяқ әйел "FIVE WINDS Asset Management" компаниясының төлем қабілеті тоқтағанын алдын ала білсе де, аталған компания арқылы инвестициялық портфель ашқан және жұртты алдау арқылы олардан ақша жинап алған. Қазір Қостанай қалалық ІІБ-не 20-ға жуық арыз түсті, арызданушылардың бәрі де сол бір әйелге алданған. Келтірілген жалпы шығын көлемі 20 миллион теңгеден асып жығылады", - дейді облыстық ІІД-нің баспасөз қызметі.
Полиция аталған іс бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-тармағымен ("Алаяқтық") сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Егер "FIVE WINDS Asset Management" компаниясының өкілдеріне алданған өзге де тұрғындар болса жергілікті полицияға арыздануын сұрап отыр.