Қаржылық мониторинг агенттігі алаяқтардың агенттік атынан жалған ресми хаттар таратуы әлі де жалғасып жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Агенттікке осындай жалған хат таратудың тағы бір дерегі туралы ақпарат келіп түсті. Мемлекеттік органға жолданған хатта қаскөйлер тексеру жүргізіліп жатқанын алға тартып, азамат туралы мәліметтерді, соның ішінде оның мінездемесі мен өзге де ақпаратты сұратқан.
Бұған дейін де алаяқтар осыған ұқсас тәсілді қолданған. Олар жалған хаттарды жібергеннен кейін азаматтарға телефон немесе мессенджер арқылы хабарласып, өздерін ҚМА қызметкерлері ретінде таныстырған. Түрлі сылтаумен азаматтардың жеке және банк деректерін алуға тырысқан немесе ақша бопсалаған.
"ҚМА агенттіктің ресми хаттары тек белгіленген тәртіппен жолданатынын; ҚМА қызметкерлері телефон арқылы банк шоттарының деректерін беруді немесе ақша аударуды талап етпейтінін; құжатта логотип, мөр немесе қолтаңба бар екеніне ғана сүйеніп, оған сенуге болмайтынын ескертеді. Күмәнді хат алсаңыз, оның шынайылығын Агенттіктің ресми байланыс арналары арқылы тексеріңіз. Бейтаныс адамдарға жеке және банк деректеріңізді бермеңіз, олардың нұсқауымен ақша аудармаңыз", – делінген хабарламада.
Күмән туындаған жағдайда агенттіктің 1458 нөмірлі Call-орталығына немесе +7 (7172) 70-84-79 телефоны арқылы Кезекші бөлімге хабарласу қажет.
ҚМА азаматтар мен ұйымдарды сақ болуға және алаяқтардың айласына түспеуге шақырады.