Алаяқтар қазақстандық полицейді UFC спортшысының бейнесі арқылы алдамақ болды

​Бүгінде ЖИ мен арнайы қосымшалардың көмегімен танымал адамдардың бейнесі мен дауысын қолдан жасау белең алды.

Алаяқтар қазақстандық полицейді UFC спортшысының бейнесі арқылы алдамақ болды Фото: Желіден

Интернет алаяқтар бұл жолы UFC спортшысы Олег Тактаров болып, жымысқы әрекетін жүзеге асырғысы келген, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Бұл туралы Алматы облысының Полиция департаменті хабарлама таратты. Онда алаяқтардың психологиялық ықпал етудің жаңа тәсілдерін жиі қолданатыны ескертілген. Алаяқтар танымал адамдардың бейнесі мен дауысын қолдан жасап, өзін банк, құқық қорғау органдары немесе арнайы қызмет өкілдері ретінде таныстыруға кіріскен.

"Осындай жағдайлардың бірі полиция қызметкерімен болды. Оның телефонына өзін Ұлттық банк қызметкері ретінде таныстырған белгісіз адамдар хабарласып, атына тіркелмеген есепшоттар бар екенін айтып, қаражатты "заңдастыру" сылтауымен аударуға көндірмек болған", – делінген хабарламада.

Полиция қызметкері сөйлесуді тоқтатып, оған күмән келтірген. Сол кезде алаяқтар қысымды күшейтіп, бейнеқоңырауға жалған арнайы қызмет өкілін қосқан. Ал оның сырт келбеті белгілі ресейлік спортшы, жекпе-жек шебері әрі актер Олег Тактаровқа қатты ұқсаған.

"Танымал адамның бейнесін қолдану жәбірленушінің сеніміне кіріп, психологиялық әсер етуге бағытталған. Десе де, полиция қызметкері алаяқтық белгілерін дер кезінде байқап, мұндай жағдайда қалай әрекет ету қажеттігін көрсетті. Жымысқы әрекеті әшкере болғанын түсінген күдіктілер әңгімені тоқтатып, қайта хабарласуды доғарған", – деді ведомство өкілдері.

Полиция мұндай алаяқтық схемалардың бүгінде кеңінен таралғанын айтып, көпшілікті барынша сақ болуға шақырады.

Бір апта бұрын ғана Джеки Чанның бейнесін пайдаланған алаяқ қарияның ақшасын тартып алмақ болғанын жазған едік.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу