WhatsApp-та Қазақстан азаматтарына несие беруге әзір француз экономистінің атынан хабарлама тарады, деп жазады inbusiness.kz stopfake.kz сайтына сілтеме жасап.
"Онымен байланысып, 1-9 миллион теңгеге дейін несие алуға болады деп көрсетілген. Бұл – алаяқтық. Мұндай алдау жолдары әлем елдерінде жиі тараған. Желіде несие ұсынатын алаяқтар туралы ескертулер бар және олардың адамдарды қалай көндіретіні егжей-тегжейлі сипатталған", - деп жазылған stopfake.kz порталында.
Ақпаратқа сәйкес, қаскөйлер клиенттің қызығушылық танытып отырғанын байқап, одан несие рәсімдеу үшін белгілі бір мөлшерде комиссия төлеуін сұрайды. Содан кейін алаяқтармен байланыс үзіліп, олардың көмегіне жүгінген адам несие ала алмай, тиісінше жіберген қаражатынан да қағылатын көрінеді.
Мәселен, 2019 жылы Сингапурдың 692 тұрғыны мессенджерлер мен әлеуметтік желілер арқылы несие алуға уәде берген алаяқтардың арбауына түскен. Жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі 2,2 миллион долларға жуықтапты.