Бұл туралы Астана қаласы Полиция департаменті криминалдық полиция басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Мәдиев мәлім етті, деп хабарлайды Inbusiness.kz ҚазАқпарат тілшісіне сілтеме жасап.
"Ақпараттық технологияның дамуы интернет-алаяқтық әрекеттерінің көбеюіне алып келді. Сонымен қатар алаяқтық жасайтындарды анықтау да қиынға түсуде. Соңғы 5 жыл ішінде елорда аумағында интернет-алаяқтыққа қатысты 9944 іс тіркелді. Ал биыл жыл басынан бері 3718 алаяқтық жасалды. Қазан айының ішінде 300-ден астам интернет-алаяқтық ісі тіркеуге алынды. Жалпы шығын 1 млрд 657 млн теңгені құрайды. Оның тек 147 млн теңгесі ғана бүгінде өтелді", - деді Қайрат Мәдиев елорданың Полиция департаментінде өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, интернет-алаяқтық әрекеттерінің кең таралған түрі – алаяқ өзін банк немесе құқық қорғау органдарының қызметкері ретінде таныстырып, инвестиция құюға шақырады.
Сондай-ақ алаяқтар өз ойын онлайн сауда немесе қызмет көрсету арқылы жүзеге асырып жатады. Яғни, клиенттен затты сатып алмас бұрын немесе қызметті пайдаланбас бұрын алдын ала төлем жасауды сұрайды. Ал ақша түскен соң, оны бұғаттап тастайды.
"Интернет-алаяқтық ісі бойынша 72 айыпты ұсталып, жауапқа тартылды. Сол сияқты 3 қылмыстық топтың жолы кесілді. Биыл қыркүйекте арнайы операция барысында криминалдық полиция қызметкерлері СҚО-дағы әріптестерімен бірлесіп 7 адамнан тұратын топты құрықтады. Олар өздерін банк қызметкерімін деп таныстырып, бөгде кісілердің атынан несие рәсімдеген", - дейді ол.