Шымкент қаласының тұрғынына белгісіз біреу телефон соғып, өзін Ұлттық банк қызметкерімін деп таныстырған. Әйелге "арам пиғылды алаяқ шотыңыздағы депозит ақшасын ұрлағалы жатыр" деп айтқан, деп жазады inbusiness.kz сайты.
61 жастағы әйел алданғанын кейін біліп, сотқа жүгінген. Ол өзінің ақша аударған есепшотын көрсеткен. Есепшоттың иесі жауапкер ретінде сотқа шақырылды.
"Бірінші сатыдағы сот жауапкерден 2 млн теңге өндіру туралы талап қоюды негізсіз баю деп қарай отырып, алаяқтық фактісі бойынша қозғалған қылмыстық істің материалдарын назарға алып, оның аясында талап қоюшы жәбірленуші деп танылды. Жауапкер ("дроппер" деп аталатын) сотта талап қоюшыдан ақшаны сол қоңырау шалушының өтініші бойынша алғанын, кейін үшінші тұлғаларға аударғанын түсіндірген.
Алайда, ол бұл қаражатты алудың заңды негіздерін растай алмаған және олардың шығу тегін анықтауға әрекет жасамаған. Осыған байланысты оның ақшаға билік ету жөніндегі әрекеті сотпен алынған қаражатты өз бетінше пайдалану деп бағаланды", – делінген соттың хабарламасында.
Соңында банк картасынан үшінші тұлғаға ақша шешіп берген жауапкер кінәлі деп танылды.
"Сот, жауапкер банк картасының иесі бола отырып, оны пайдаланғаны үшін, сондай-ақ оның банктік шотындағы барлық операциялар үшін толық жеке жауапкершілікте болатынын көрсетті. Ол өз әрекетінің қауіп-қатерін білуі, заңсыз схемаларға қатысу мүмкіндігін түсінуі және өзінің кінәсіздігін дәлелдегенге дейін жауап беруі керек", – делінген ресми хабарламада.
Сот жауапкерден талап қоюшының пайдасына негізсіз баю ретінде 2 млн теңге өндірді. Апелляциялық сот шешімді өзгеріссіз қалдырды.
Шешім заңды күшіне енді.