Тамыздың 4-інде Целиноград аудандық полиция бөліміне 36 жастағы жергілікті тұрғыннан өтініш түскен.
"Белгілі болғандай, ол интернет алаяқтары қолданатын ең көп таралған схемаға тап болған. 1 тамызда әлдекім зардап шегушінің телефонына қоңырау шалып, өзін 2-деңгейлі банктердің бірінің қауіпсіздік қызметінің қызметкері деп таныстырған және қазіргі уақытта оның атынан несие алуға өтініш түскенін хабарлаған. Үрейі ұшқан әйел алаяқпен сөйлесіп тұрғанын түсінбеген, ал ол болса, ұялы телефонына қосымшаны жүктеу арқылы заңсыз әрекеттерді тоқтатуға болатындығына сендірген", – деді ведомстводан.
Полиция департаментінің баспасөз қызметінен атап өткендей, алаяқтардың нұсқауларын орындай отырып, ауыл тұрғыны қажетті қосымшаларды орнатып, кейін екі банктен жалпы сомасы 5 200 000 теңгеден астам несие рәсімдеген. Ақша бірден алаяқтардың шотына аударылған. Тек 3 күннен кейін әйел алдаудың құрбаны болғанын түсініп, полицияға жүгінген.
"Қазіргі кезде, осыған байланысты Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігі "алаяқтық" бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр", – деді ведомстводан.