Алаяқтарға алданған жан арызын қайда барып айтарын білмейді

2628

Несие рәсімдеудің талап-тәртібін күшейтпейінше, елімізде алаяқтарға алданып, сан соғып сансырап қалғандар саны азаймай тұр.  

Алаяқтарға алданған жан арызын қайда барып айтарын білмейді

Қаржы пирамидаларына сеніп, жиған-тергенін бір күнде күмәнді есепшотқа аударып жібергендерді алаяқтардың арбауынан арашалай алмап едік. Екінші деңгейлі банктер арқылы сыртынан несие рәсімдеп, қарызға белшеден батырып қоятындар тағы шықты.

Акция жүріп жатыр дегенге алданып, бір емес, екі бірдей екінші деңгейлі банкке қарыз болып қалғандардың бірі – Жамбыл ауданы, Аса ауылының тұрғыны Мейрамкүл Затыбекова. "Үлкен бонусқа ие боласыз, бәрін жедел әрі тастай қып шешіп береміз" деп ант-су ішкендерге сеніп қалған ол өз атынан "Еуразиялық банк" пен "Банк Хоум кредит" акционерлік қоғамдары арқылы 2 миллион теңгеге тауарлық несие рәсімдеп, не тауарды, не ақшасын ала алмай қалған. Енді міне, алаяқтарға алданғанын ешкімге дәлелдей алмай, қайда барып, шағым айтарын білмей дал болып жүр.

– Бізді Тараз қаласының тұрғыны Раушан Адилова бәрі заңды, менің туған-туысым да, жолдасым да алды. Қазір акция жүріп жатыр, үлкен сомадағы бонусын қоса аласыз деп сенімімізге кіріп алдап апарды. Несиені рәсімдегенше күн сайын ватсап арқылы хабарлама жазып қоймайтын. Аудио жазбалары да бар. Алданып қалғанымызды білген соң, соның бәрін тізіп,  облыстық полиция басқармасының Тараз қалалық №1 полиция бөлімшесіне барып арыздандық. Бүкіл айғақты қолымен ұстатқандай етіп апарып өткізсек те, іс шешілмей сағызша созылуда, – дейді Мейрамкүл Қабылбекқызы.

Бұл жағдай 2019 жылдың қаңтар айында болған екен. Содан бері шағымданушы полиция бөлімшесіне, облыстық прокуратураға, сотқа бірнеше мәрте арызданған. "Алғаш арыз берген полиция бөлімшесінің басшысының және тергеушілердің, облыстық прокуратураның "анықтадық, алданғандары рас" деген хаттары да бар. Біз алаяқтардың біз сіздерді пайдаландық енді несиені өзіміз төлейміз деген деген аудиожазбаларын және заттарыңды қайтарамыз деген видиоларын бәрін Тараз қаласындағы 2-ші сотқа апарып өткізген едік. Бірақ еш нәтиже шықпады", – дейді алданған тұрғын.

Шағымданушының арызына облыс прокуроры былтыр 31 қаңтарда "Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің 105-бабына сәйкес сіздің шағымды қанағаттандырудан бас тарту туралы" қаулы жолдаған.

Ал 2020 жылдың 29 қыркүйегінде Тараз қаласының №1 полиция бөлімінің басшысы Б. Нұрсейітов Мейрамкүл Қабылбекқызына хат жолдап, шағымданушының өз атына несие рәсімдеген Р. Адиловамен телефон арқылы сөйлескен, ватсап арқылы жолдаған аудиожазбалар жазылған "CD-R" дисктің жоғалмағанын, оны аға тергеуші Б. Шатқалбай 2019 жылдың 21 қарашасында №193111031002626-шы қылмыстық іске дәйек ретінде тіркегенін атап көрсеткен. Сондай-ақ Р. Адилова мен М. Германға қатысты іске қатысты нақты процессуалдық шешім шығару үшін арнайы өндірістік іс қозғалғанын мәлімдеген.

Шамамен бір айдан кейін, 30 қарашада Тараз қалалық полиция басқармасының №1 полиция бөлімінің бастығының уақытша міндетін атқарушы, полиция полковнигі С. Уйсенбаевтан шағымданушының арызына байланысты Қылмыстық кодекстің 190-бабының 3-бөлігінің 4-тармағы бойынша М. Герман, Р. Адилова, В. Казиевке қатысты арыздың қаралғанын, сотқа дейінгі тергеп-тексеру нәтижелері бойынша М. Герман және В. Казиевке қатысты қылмыстық іс айыптау актісімен Тараз қаласының №2 сотына жолданғанын атап көрсетіп, хат жіберген. Бұл хатта да Мейрамкүл Затыбекова арызбен қоса ұсынған аудиожазбалар жазылған дискінің жоғалмағанын тағы да қайталап, қылмыстық іс құжаттарына қоса 22 бума 153-бетте тіркелгенін жеткізген.

Полиция бөлімінің бір емес, екі рет аудиоайғақтың жоғалмағанын айтып хат жолдағанына қарап, шамасы арада құқық қорғау органының бір маманы дискінің жоғалғанын айтып, бұл іс қаралмайды деген сыңайдағы сөз таратқан деген ойда қалдық. Бұл алаяқтарға алданып, 2 миллион теңгеге қарызға батып, әбден ашынған арызданушыны тоқтата алмаған. Қайта-қайта есік қаға берген соң, қайта-қайта хат жолдай берген секілді. Әрі тарт та, бері тарт дейтін сөзбұйдадан шаршаған Мейрамкүл Затыбекова енді қайда қайырыларын білмей отыр.

Ардақ Үсейінова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу