Павлодар облысында екінші деңгейлі бірнеше банк пен шағын қаржы ұйымдарының қызметкерлері міндетіне салғырт қарағанның салдарынан жауапкершілікке тартылуы мүмкін, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Белгілі болғандай, олар алдына келген тұрғындарға несие ресімдеу кезінде биометриялық сәйкестендіруді жүргізбеген. Сөйтіп, алаяқтардың басқа адамдардың атынан несие алуына жағдай жасаған.
"Телефон арқылы жасалатын алаяқтық және жәбірленушілердің атына несиелерді ресімдеу жағдайларының көбеюіне байланысты полиция банк қызметкерлеріне қатысты қылмыстық істерді қозғады. Мәселен, екінші деңгейлі банктер мен микроқаржы ұйымдарының кей қызметкерлері өз міндеттеріне немқұрайлы қарап, дұрыс орындамаған. Олар жәбірленушілердің түрлеріне биометриялық сәйкестендіру өткізбей несие берген", – деп мәлімдеді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта тергеу жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Сондықтан міндетіне көз жұма қараған қызметкерлердің қатысымен қанша адам зардап шегіп, оларға қандай көлемде шығын келгені әзірше беймәлім.
Ал жалпы, жыл басынан бері Павлодар облысында алаяқтықтың 173 жағдайы тіркелді. Оның 126-сы – ақпараттық технологияларды қолдану арқылы орын алған қылмыстық әрекеттер.