Есіл ауданы полиция басқармасының аумағында интернет-алаяқтық саласындағы қылмыс өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 12,7%-ға өскен. Бүгінгі таңда осы саладағы қылмысты жасаудың ең көп тараған түрі – жалған хабарламалар бойынша жоқ тауарлар мен қызметтерді сатып алу.
Бұл жерде оның міндетті шарттарының бірі: тауарды алғанға дейін алдын ала төлем жасау, әртүрлі жобаларға, ойындарға, ставкаларға ақша салу, сондай-ақ өзін банк қауіпсіздігі қызметінің қызметкерімін деп таныстыратын адамның сұрауы бойынша басқа шоттарға ақша жіберу. Бұған қоса, алаяқтықтың тараған бір түрі – азаматтардың банк шоттарына қол жеткізу үшін олардың дербес деректерін пайдалану.
Әдеттегідей, жәбірленушілер фишингті сайттарға кіріп, өздерінің деректерін енгізеді немесе күдіктілер жоғалған, ұрланған құжаттарды пайдаланады.
"Соңғы кездері алаяқтықтың мынадай түрі кеңінен таралған. Алаяқтар телефонға қоңырау шалып, олардың туыстары жол-көлік оқиғаларына ұшырағаны және осы мәселені шешу үшін ақша аудару керек деп айтады. Осылайша, полицияға 65 жастағы қала тұрғыны белгісіз адамдардың ішкі істер органдарының қызметкерлеріміз деп өздерін таныстырып, 600 мың теңге ақшалай қаражатын алдап алғаны туралы шағымданды. Алаяқтар оның қызы жол-көлік оқиғасына ұшырап, полицияда екенін және туындаған проблеманы шешу үшін шұғыл ақша керек деп хабарлаған. Полицейлер жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу барысында “курьер” келіп, аталған әйелден ақша алып кеткен 26 жастағы әйел адамды анықтады. Тәртіп сақшылары оның осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысты екенін анықтады. Барлық фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Қаскүнем Астана қаласы полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды", – деді Астана қаласы Есіл ауданы ПБ криминалдық полиция бөлімінің бастығы Мұрат Абшекенов.
Астана қаласының полиция департаменті азаматтардан сақ болуларын, істің мән-жайын анық білмей, бейтаныс адамдарға ақша бермеуін сұрайды. Сонымен қатар егде жастағы туыстарға осындай жағдайға тап болған кезде қандай әрекет жасау керектігі және заңсыз әрекеттер туралы ішкі істер органдарына дереу хабарлау бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуін сұрайды.