Оған ақшаны жылыстату, сыбайлас жемқорлық пен кірісті жасыру бойынша күдікке ілінген, деп жазады inbusiness.kz сайты Euronews-ке сілтеме жасап.
Албанияның бұрынғы президенті Илир Мета Сыбайлас жемқорлыққа қарсы арнайы прокуратураның (SPAK) бұйрығымен Тиранада қамауға алынды. Тұтқындау кезінде ол қарсылық көрсетпек болған.
Мета бұған дейін байлығын жасырды және ақшаны жылыстатты деген күдікпен тергеуде болған. Бұрынғы мемлекет басшысы барлық айыптауларды жоққа шығарады.
Метаның адвокаты қамауға алу фактісін растады:
"Үш айып тағылды: жемқорлық, ақша жылыстату және тағы біреуі…Меншік пен табысты жасыру", – деді Генч Джокутай.
55 жастағы Илир Мета Албанияның солшыл Бостандық партиясының жетекшісі және 2017-2022 жылдар аралығында ел президенті болды. Ол – "клептократиялық режим орнатты" деп айыптайтын премьер-министр Эди Раманың ашық қарсыласы.
Албанияның Демократиялық партиясының басшысы Сали Бериша да өткен жылдың желтоқсан айынан бері сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деген күдікпен үйқамақта отыр. Оппозиция Раманы қарсыластарын саяси астарлы қудалады деп айыптайды. Премьер-министр мұны жоққа шығарады.
Бұған дейін Албания астанасында тәртіпсіздіктер мен қақтығыстар болған. Оппозиция премьер-министрдің отставкаға кетуін талап етті.