Алдағы үш жылда Ұлттық қордағы жинақтардың ұлғаюы болжанып отыр. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Үкімет отырысында 2027-2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы қаралды.
"Мемлекеттік қаржының тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында бюджет тапшылығы 2027 жылы жалпы ішкі өнімге қатысты 2,3% деңгейінде белгіленіп, 2029 жылы жалпы ішкі өнімге қатысты 0,4%-ға дейін төмендейді. Мұнайдан тыс тапшылық жалпы ішкі өнімге қатысты 5,3%-дан жалпы ішкі өнімге қатысты 2,5%-ға дейін қысқарады. Осыны ескере отырып, республикалық бюджеттің шығыстары 2027 жылы 30,2 трлн теңгені, 2028 жылы – 29,4 трлн теңгені және 2029 жылы – 29,6 трлн теңгені құрайды", – деді Премьер-министрдің орынбасары.
Серік Жұманғариннің сөзінше, Ұлттық қордағы жинақтардың ұлғаюы болжанып отыр.
"Базалық сценарий кезінде Ұлттық қорға түсімдердің жалпы көлемі 2027 жылы 5,1 трлн теңге, 2028 жылы – 5,5 трлн теңге және 2029 жылы – 5,7 трлн теңге деңгейінде болжанады. Ұлттық қорға таза түсімдер 2027 жылы 0,5 трлн теңге, 2028 жылы 1,4 трлн теңге және 2029 жылы 2,0 трлн теңге мөлшерінде күтіледі. Ұлттық қордың валюталық активтері 2027 жылы 65,2 млрд АҚШ долларынан 2029 жылы 70,6 млрд АҚШ долларына дейін өседі деп болжануда", – деп атап өтті ол.
Айта кету керек, бұған дейін 2027-2029 жылдары Ұлттық қордан 5 трлн теңге нысаналы трансферт алынатынын жазғанбыз.