Алдағы 5 жылда әлемдегі ауқаттылардың байлығы артпайды

725

Коронавирустың салдарынан ең ауқатты деген азаматтардың ай сайын еселенетін табысы азайып кетті.

Алдағы 5 жылда әлемдегі ауқаттылардың байлығы артпайды

Пандемияның салдары қаржы дағдарысынан да орасан болады. Соның кесірінен алдағы 5 жылда әлемдегі ауқатты азаматтардың ырзығы азайып, байлығы кемиді. Әсіресе, Солтүстік Америка мен Жапониядағы миллиардерлер көп шығынға ұшырайды. Boston Consulting Group өткізген зерттеу нәтижесі осындай, деп хабарлайды Atameken Business. 

Соңғы 10 жылда әлем бойынша, уақыт өткен сайын байлардың дәулеті тасып, кедейдің қатары көбейген болса, коронавирустың салдарынан ең ауқатты деген азаматтардың ай сайын еселенетін табысы азайып кетті.

Boston Consulting Group жүргізген зерттеу қорытындысына назар аударсақ, биыл миллиардерлердің табысы 16 трлн долларға кемиді. Бұл – алдағы 5 жылда олардың кірісі өспейді деген сөз. Оған нарықтың тұрақсыз болуы мен экономиканың құлдырауы кері әсер ететіні түсінікті. Салыстыру үшін айта кетсек, осыдан 12 жыл бұрын болған жаһандық дағдарыс кезінде ауқаттылардың табысы 10 млрд долларға ғана азайған. Содан кейін акциялардың бағасының күрт көтерілуі, жалпы қор нарығындағы жағымды жағдай әлемдегі ауқатты азаматтар қатарының көбейюіне ықпал еткен. Осы кезде олардың дәулеті орташа табыспен күн көретіндермен салыстырғанда екі еселенген еді. Енді оларда тұрақты өсім болмайтыны анық.

Сарапшылар былтыр байлардың табысы 226 трлн доллар болса, алдағы 5 жылда оның өсу қарқыны кемі – 1,4, егер жағдай ушыға түссе, 4,5 пайызға азаяды деп отыр.

Соңғы 20 жылда әлемдегі миллионерлердің қатары 3 есе өсіп, жалпы саны 24 млн-нан асқан еді. Оның үштен екісі – Солтүстік Америкада тұрады. Енді олардың барлығы үнемдеуге көшеді. Себебі бұрынғыдай көл-көсір табыс болмайды.

Жапониядағы байлардың да табысы азаяды. Дегенмен, аталған елдердің ауқаттылары артық ақшаларын Гонконг, Сингапур сияқты азиялық қаржы орталықтарына салуы мүмкін. Нәтижесінде онда жиналған актив Швейцариядағыдан да көп болмақ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу