Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев елімізде Пржевальский жылқысын қайта жерсіндіру жұмыстары қалай жүріп жатқанын баяндады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бұрын бұл жылқылар еліміздің 9 облысын (Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды, Ақмола, Шығыс Қазақстан, ішінара Алматы, Қызылорда, Жамбыл және Түркістан) мекен еткен.
"Пржевальский жылқысы әлемдік жабайы табиғаттан 1960-жылдардың соңына қарай жойылып кеткен болатын. Алайда, министрліктің халықаралық ұйымдармен ынтымақтастығының арқасында биыл Қостанай облысындағы "Алтын Дала" резерватына Прага хайуанаттар бағынан алғаш рет 7 Пржевальский жылқысы (6 бие, 1 айғыр) әкелінді. Жалпы 2029 жылға дейін (Чехиядан немесе Мажарстаннан – ред.) 40 жылқы әкелу жоспарланып отыр", – деді министр Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.