Алдағы бес жылда қолданыстағы зейнеткерлердің базалық зейнетақысы өседі

2024 жылдың 1-қаңтарынан бастап жұмыс берушілер тарапынан қосымша зейнетақы жарналары енгізіледі.

Алдағы бес жылда қолданыстағы зейнеткерлердің базалық зейнетақысы өседі Фото: inbusiness.kz

Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов Орталық коммуникациялар қызметінде айтты.

Спикер қазіргі сақтандыру жүйесі әлеуметтік тәуекелдің

5 түрінен сақтандырып, ол халықаралық стандарттарға және нақты экономикалық жағдайларға сай келетінін хабардар етті.

"Оның негізі сақталып, тек мақсаты өзгереді. Жүйе әлеуметтік төлем төлеуге ғана бағытталмай, ең алдымен, азаматтарды формальді форматта жұмыс істеуге ынталандыруды көздейтін болады", – деп хабарлады вице-министр.

Бұл ретте ұсынылатын өзгерістердің басты тренді -  жүйеге мемлекет, жұмыс берушілер мен жұмыскерлердің қатысуы; жүйеге қатысу уақыты мен әлеуметтік төлемдер мөлшерінің арасындағы байланысты күшейту; әлеуметтік жарналарын уақытылы аударып отырған жұмыскерлерге сақтандыру қорларынан әлеуметтік төлемдер мөлшері кезең-кезеңімен ұлғайту болмақ.

"Биылдан бастап Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жұмыссыз қалған азаматтарға әлеуметтік сақтандыру жүйесіне жарна төлеген уақытына сәйкес 6 айға дейін бұрынғы табысының 45 пайызын төлеу қарастырылып отыр. Әлеуметтік кодексте, Салық кодексте және басқа да заңдарда көзделген шаралар өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарды әлеуметтік сақтандыру жүйесімен барынша қамтуға мүмкіндік береді деп ойлаймыз", – деп атап өтті Ақмади Сарбасов.

Әлеуметтік кодекс жобасында көзделген зейнетақы жүйесіндегі өзгерістерге тоқталған вице-министр алдағы 5 жылда қолданыстағы зейнеткерлердің базалық зейнетақысы өсетінін айтты. Сондай-ақ еңбек зейнетақысының мөлшерін есептеу үшін пайдаланылатын ең жоғары табыс мөлшері 46 АЕК-тен 55 АЕК-ке дейін немесе орташа жалақының 70%-ына дейін ұлғайтылады. Ал болашақ зейнеткерлер үшін 2024 жылдың 1-ші қаңтарынан бастап жұмыс берушілер тарапынан қосымша зейнетақы жарналары енгізілетін болады.

Бұдан бөлек, Кодекс жобасына өз активтерін басқару бойынша салымшылардың құқығын кеңейтуге қатысты өзгерістер енгізіледі. Енді азаматтар белгіленген жеткіліктілік шегінен асқан зейнетақы жинақтарын тек емделуге және тұрғын үй сатып алуға жұмсай алады.

Салымшыларға зейнетақы жинақтарының 50 пайыздан аспайтын бөлігін активтерді басқару компаниясына беру және мұндай компанияны өздері таңдау құқығы беріледі. Бұл ретте, мемлекет зейнетақы жинақтарының сақталуына кепілдікті жинақтың Ұлттық банк басқаратын бөлігіне ғана беретінін атап өткен жөн.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу