Алдағы екі-үш жылдықта Ақтөбе әуежайы трансмұхиттық лайнерлерді қабылдай бастайды

243

Еліміздегі пилоттық жоба көп ұзамай іске асады. Әуежай аумағынан халықаралық стандарттарға сай, заманауи жанармай құю бекеті салынатын болды. 

Алдағы екі-үш жылдықта Ақтөбе әуежайы трансмұхиттық лайнерлерді қабылдай бастайды Фото: Әзиз Жанұзақ

Бұл жерде РТ, РТ-1 және JET А-1 маркалы авиациялық отындар қоры сақталады. Демек, әуежай алдағы уақытта кез-келген ұшақты қабылдай алады. Бүгін жаңа кешеннің іргетасына капсула салу рәсімі өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары мен  "Қазмұнайгаз" ҰҚ АҚ еншілес мекемесі "Қазмұнайгаз-Аэро" ЖШС төрағасы қатысты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Мемлекет басшысы Қазақстан халқына жолдауында еліміздің транзиттік әлеуетін дамыту бойынша міндеттер қойған болатын. Бұл жоба сол міндетті орындаудағы үлкен қадамдардың бірі. Алдағы уақытта Еуропадан, Америкадан, Тынық мұхиты өңірлерінен жолаушылар тасымалы жүзеге асырылады. Осы жоба арқылы үлкен мүмкіндіктерге жол ашылады. Яғни, өңір экономикасының дамуына да айтарлықтай әсер етеді", - деді облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуов.

Жаңа нысан 2026-ыншы жылы қолданысқа беріледі. Бұл елдегі пилоттық жоба болғандықтан, құрылыс  уақытында аяқталады деген сенім бар. Жаңа нысанның салынуымен өңірдің транзиттік потенциялы да артады. Яғни, жаңа бағыттар бойынша маршруттар ашылады, жүк тасымалы да көбейеді.

Құрылыстың бірінші кезеңінде 600 текше метр сұйық отын сыятын жылжымалы жанармай құю бекеті салынуы тиіс. Одан кейін 20 мың текше метрлік стационарлық резервуар паркі, төгу-құю эстакадасы, диспечерлік орталық және басқа да нысандар бой көтереді. Бұған дейін Ақтөбе әуежайының жаңа аумақа көшірілетіні туралы ақпарат тараған еді. Жауаптылардың айтуынша, ол кезде жаңа обьектілер де сонда апарылады. Ол көп қаржыны талап етпейді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу