Алдағы күндері Шымкентте қатты ыстық болады

709

"Қазгидромет" РМК Түркістан облысы бойынша филиалы метереологиялық болжау бөлімінің басшысы Әсия Кыдырбаева бізге берген сұхбатында Иран, Түркіменстан елдерінен келген ыстық ауа массасы 23 шілдеге дейін сақталатынын жеткізді.

Алдағы күндері Шымкентте қатты ыстық болады

Ол ыстық ауа райының шырқау шегі 21-23 шілдері күндеріне дөп келетінін айтты. Сондықтан "Қазгидромет" мекемесі қала тұрғындарына смс арқылы алдын ала ескерту хабарламасын жолдап жатыр. Аталған күндері Шымкент қаласында ауа температурасы +43 градусқа дейін көтеріледі. Ауа райын болжаушы маман күннің ыстықтығы тіпті +45 дейін көтерілуі мүмкін екендігін жоққа шығармады. Метереология саласында +40 градустан жоғары температура климаты ыстық жерлер үшін аса қауіпті құбылыс болып саналмайды. Дегенмен егер ауа райы жаз мезгілінде +45 градусқа жетіп немесе одан асып жатса ғана метереологиялық қызмет апатты белгі береді. Себебі нормадан тыс ауа райы бәрібір адамның, жалпы жан-жануардың қалыпты тіршілігіне өзінің кері әсерін тигізуі мүмкін.     

Жалпы ыстық ауа райы Шымкентте шілденің ортасынан басталған. 15 шілдеде Арыс пен Қызылқұм станциялары +40 градус ыстықтың тіркелгенін орталық базаға жеткізген. Ал ертесіне, 16 шілдеде мекемеге қарасты 6 станция күннің +40-42 градусқа дейін қызғанын көрсеткен. Жалпы "Қазгидромет" РМК Түркістан облысы бойынша филиалында 14 метереологиялық станция мен 6 автоматты станция бар. Оның екеуі Шымкент қаласында орналасқан. Ауа райын болжаушылар күн сайын сол станциялардың мәліметін алып отырады.

– Жаздың күндері Шымкент қаласы үшін ыстық шілде аномальді құбылыс емес. Жыл сайын шіліңгір шілдеде күннің ыстықтығы 40 градустан жоғары көтеріледі. Бұған күннің көзін сүйетін шымкентіктер үйреніп те қалған. Тек жайсыз ыстық егде жастағы кісілерге, түрлі ішкі ағза аурулары, әсіресе жүрегі нашар, қан қысымымен зардап шегетін адамдарға қиындық әкелуі мүмкін. Керісінше, шілденің басы салқын болып басталды. Міне, бұны Қазақстанның оңтүстік өңіріне тән құбылыс емес деуге болады. Мысалы үшін шілденің 7-9 күндері ауа райы қалада +29 градусқа дейін төмендеп кетті. Түнгі уақытта тіпті салқын ауа райы сақталды. Шілденің басындағы түнгі температура келсек, ол кезде термометр бағамы +14 градуске дейін төмендеп кетті. Негізінен жазы ыстық болып өтетін еліміздің оңтүстік өлкесі үшін бұл салқын ауа райы болып есептеледі. Бұдан бөлек 23 шілдеден кейін күннің қызуы 3-4 градусқа бәсеңдеп, 27 шілдеде тағы да бір күн бойы күн ысиды. Қалған күндер біздің болжамымыз бойынша қалыпты күйде өтеді, – деді "Қазгидромет" маманы Ә.Кыдырбаева.

Әнуар Жұмашбаев

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу