Онда депутаттар 2023 жылғы 19 қаңтарда өтетін Сенат отырысының күн тәртібін бекітті, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Өз сөзінде палата төрағасы сенбі күні еліміздің өңірлерінде өткен Сенат депутаттары сайлауының нәтижесіне тоқталды. Соған байланысты Мәулен Әшімбаев Сенаттың қарауға жататын мәселелерді нақтылап, тиісті дайындық жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Атап айтқанда, сайланған сенаторлар Орталық сайлау комиссиясында тіркелгеннен кейін Сенат Регламентіне сәйкес палатаның тұрақты комитеттерінің төрағалары мен мүшелерін сайлауға қатысты мәселе қаралады.
Сонымен қатар алдағы Сенат отырысында депутаттар Мәжіліс қабылдаған бірқатар заңды қарайды.
Палата отырысында қаралатын "Қазақстан Республикасындағы цифрлық активтер туралы" және "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне цифрлық активтер, ақпараттандыру және соттық әкімшілендіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңдар елімізде цифрлық активтерді шығару және олардың айналымы, цифрлық майнинг жөніндегі қызметті дамыту үшін құқықтық база құруға бағытталған. Заңдар цифрлық активтердің заңды нарығын қалыптастыруға, осы салаға шетелдік инвестицияларды тартуға және жалпы Қазақстан экономикасын дамытуға ықпал етеді.
"Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң Кодекс нормаларын "Прокуратура туралы" Конституциялық заңға, "Қазақстан Республикасындағы цифрлық активтер туралы" заңға және оған ілеспе заңдарға сәйкес келтіруді көздейді. Сондай-ақ құжаттың негізгі міндеттерінің қатарында еңбек заңнамасын бақылау саласындағы уәкілетті органдардың құзыреттерін қайта қарау, Қазақстан Республикасының цифрлық активтер саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін жауапкершілік жүктеу және басқа да мәселелер бар.
Сенат отырысында қаралатын келесі мәселе "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) және "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының Кодексін (Салық кодексі) қолданысқа енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң. Бұл құжат көлеңкелі айналымнан шығаруға және салық органдарының цифрлық майнерлер мен цифрлық активтер нарығының басқа да қатысушыларының қызметіне одан әрі толыққанды мониторинг пен бақылау жүргізуге және мемлекеттік бюджетке түсетін түсімдердің өсуін қамтамасыз етуге арналған.
Одан бөлек, отырыс кезінде бюро мүшелері Мәжілістен келіп түскен заңдарды Сенаттың тұрақты комитеттеріне бөліп берді.