Бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин депутаттардың алдағы сессияда атқаратын жұмыстары туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"Алдағы бесінші сессия жұмысын айта кетсек, Парламент Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауы мен әлеуметтік қамқорлық бастамаларын іске асыруға арналған жұмыстарды одан әрі жалғастыратын болады. Сонымен бірге, депутаттар өз жұмыстарында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған 10 негізгі бағытты басшылыққа алынады", – деді Нұрлан Нығматулин.
Оның сөзіне қарағанда, қазіргі уақытта Парламент қоржынында 34 заң жобасы бар.
"Біздің алдымызда 2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заңды қабылдау міндеті тұр. Бұл құжаттың негізгі мақсаты – халықтың өмір сапасын жақсартуға арналған мемлекеттік бағдарламаларға тиісті қаражат бөлуді қамтамасыз ету. Сонымен бірге, "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Кодекс, сондай-ақ жаңа Экологиялық кодексті қабылдау бірінші кезектегі маңызды жұмыстардың бірі. Бұған қоса, болашақ ұрпақты тәрбиелейтін, үлкен жауапкершілікті қажет ететін педагог мәртебесі туралы және мәдениет мәселелеріне арналған заңдарымыз бар", – деді Нұрлан Нығматулин.
Оның атап өтуінше, алдағы сессияда Парламентте тарихи маңызы зор ірі халықаралық шара өтетін болады. Биылғы қыркүйекте елордада Еуразия елдері парламенттері спикерлерінің төртінші форумы болады. "Үлкен Еуразия: Диалог. Сенім. Серіктестік" деп аталатын маңызды жиынға 60-тан астам елдің парламент басшылары қатысады, сонымен бірге, 16 халықаралық және парламенттік ұйым басшылары келеді деп күтілуде.