Алдағы үш жылда ЖІӨ-нің нақты өсімі қандай болатыны белгілі болды

178

Үкімет отырысында 2027-2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы қаралды.  

Алдағы үш жылда ЖІӨ-нің нақты өсімі қандай болатыны белгілі болды Фото: Максим Золотухин/zakon.kz

Құжатты Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин таныстырды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Болжам әлемдік экономика және сыртқы нарықтардағы конъюнктура бойынша болжамдарды ескере отырып қалыптастырылды. Сыртқы сын-қатерлердің сақталуына қарамастан, Қазақстан экономикасы өсуін жалғастыруда. Базалық нұсқаға сәйкес 2027-2029 жылдары жалпы ішкі өнімнің нақты орташа жылдық өсуі 5%-дан жоғары деңгейде болжанып отыр. Номиналды жалпы ішкі өнім 2027 жылы 199,3 трлн теңгеден 2029 жылы 245 трлн теңгеге дейін өседі", – деді вице-премьер.

Серік Жұманғариннің сөзінше, экономиканың өсуі мұнайдан тыс секторлардағы өндірістің ұлғаюымен қамтамасыз етілмек.

"Өңдеу өнеркәсібінің өсу қарқыны тау-кен өнеркәсібінің өсу қарқынынан жоғары болады. Өңдеу өнеркәсібінің өсуіне металлургия, машина жасау, құрылыс материалдарын өндіру, химия өнеркәсібі, тамақ өнімдерін өндіру негізгі үлес қосады. Экономиканың өсу драйверлерінің бірі ауыл шаруашылығы болады. Оның жыл сайынғы орташа өсуі кемінде 5% құрайды. Құрылыста өсу қарқынының 2027 жылы 16%-дан 2029 жылы 17,3%-ға дейін артуы болжанады. Бұған көліктік-логистикалық, энергетикалық және су инфрақұрылымын одан әрі дамыту жөніндегі жобаларды жоспарлы іске асыру, сондай-ақ тұрғын үй-коммуналдық және әлеуметтік-инфрақұрылымды жаңғырту ықпал ететін болады", – деп атап өтті Ұлттық экономика министрі.

Оның айтуынша, қызмет көрсету саласында да тұрақты серпін сақталады. Сауда орта есеппен жылына 5,7%-ға, көлік және қоймалау 10,4%-ға, ақпарат және байланыс 9,2%-ға өседі. Оң сауда балансы сақталады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу