Әлем біріншілігінде Ольга Рыпакованың жолы болмады

952

Жеңіл атлетикадан Дохада аяқталған әлем чемпионаты Қазақстан командасы үшін сәтсіз өтті.  

Әлем біріншілігінде Ольга Рыпакованың жолы болмады

Біраз жылдан бері "спорт падишасынан" әлемдік сындарда жүлде алып жүрген Ольга Рыпакова финалға өте алған жоқ, деп хабарлайды Olympic.kz.

Бас бапкер Ерлан Ибраим сәтсіздіктің ең басты себептерін атап өтті. 

"Бірінші кезекте спортшылар мен олардың жеке бапкерлерін тағы бір маусымның аяқталуымен құттықтағым келеді. Ұлттық құрама атлеттері Дохадағы әлем чемпионатында барын салды. Аталған әлем біріншілігі биылғы маусымдағы ең басты дода. Біздің басты мақсаттарымыздың бірі – IAAF рейтингілік жүйесіндегі орнымызды сақтап қалу болатын.

Команданың маусымдағы алғашқы жарысы 21 сәуірде Дохадағы Азия чемпионатымен басталды. Спортшыларға қыркүйектің соңына дейін бабын ұстап тұру оңай болмады. Әлем чемпионатына дайындықты шілдеден бастауымыз қажет еді, бірақ, IAAF жарыс кестесі бұған мүмкіндік берген жоқ. Михаил Литвин (400 метр) мен Ольга Сафронова (100 және 200 метр) жарақатына байланысты жаттығу жиынында біраз ақсады. Сафроноваға келесі кезеңге өту үшін аз ғана жетпей қалды. Десе де, Ольганың ота жасатып, қайтадан қалпына келіп, Азия чемпионатында жеңіске жеткенін, әлем чемпионатына қатысу нормативін орындағанын ұмытпау керек. 

Спорттық жүрістен 20 шақырымға жарысқан ерлер арасындағы бәсеке түнге жақын басталса да, ауа температурасы 36 градусты көрсетіп тұрды. Біз осы орайда Георгий Шейкоға бір ғана мақсат қойдық. Оның алдында 20 шақырымның соңына дейін шаршамай, мәреге жету міндеті тұрды. Ол 19-шы орыннан көрінді. Бұл біздің атлеттің әлем чемпионаттарындағы ең үздік нәтижесі. Жалпы, Георгий үшін биылғы маусым жаман өткен жоқ. Азия чемпионатында жүлдегер атанып, Олимпиада ойындарының нормативін орындады. 

Команда үздігі Ольга Рыпакованың финалға өте алмағаны өкінішті. Ол 13-ші орында қалды. Әрине, бұл жерде жарақат кедергі келтірді. Сәуірде алған жарақаты салларынан Рыпакова жаттығуды ойдағыдай өткізе алмады. 

Эстафетада қыздарымыз келесі айналымға шыққан жоқ, ядро лақтырудын Иван Иванов 30-шы орында. Бұл Иван үшін жақсы нәтиже. Алда үлкен мақсаттар көп. Енді команда қателіктермен жұмыс істейтін болады", – дейді Ибраим. 
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу