Ақмола облысының спортшысы Қайрат Боранбаев Болгарияда спорттық күрестен өтіп жатқан әлем чемпионатында қола жүлдені иеленгеніне қарамастан, оны күміс медальмен марапаттады, деп хабарлайды BNews.kz.
Пловдив қаласында (Болгария) ардагерлер арасында спорттық күрестен 2017-жылғы әлем чемпионаты өткізіліп жатыр. Медальдар грек-рим және еркін күрес балуандары арасында, олардың жас және салмақ дәрежелерін ескере отырып, сарапқа салынуда.
Қазақстан құрама командасының құрамында чемпионатқа қатысу құқығын Ақмола облысының төрт ардагері жеңіп алды.
Атбасар ауданының тұрғыны Қайрат Боранбаев 85 кг салмақ дәрежесі бойынша үшінші болды.
"Ақтық сайыста І орынды иеленген ирандық балуан Израиль өкілінің қолын алмады, тіпті марапаттау рәсіміне де шықпады. Сондықтан төрешілер оның көрсеткен нәтижесін жоққа шығарды. Соның нәтижесінде ақмолалық балуан ережеге сәйкес күміс жүлдеге ие болды", - деп мәлімдеді Ақмола облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз-хатшысы Махаббат Большина.
Сондай-ақ Қайрат Боранбаев халықаралық деңгейдегі спорт шебері атану арманына қол жеткізді.
Еске сала кетейік, ардагерлер арасында спорттық күрестен 2017 жылғы әлем чемпионаты 15 қазанға дейін жалғасады.