Әлем чемпионатының қола жүлдегері атанған Жәмилә Бақбергенова елге оралды

834

Сербия астанасы Белградта өтіп жатқан әлем чемпионатында әйелдер күресінен қола жүлдегер атанған елордалық Жәмила Бақбергенова елге оралды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Астана әкімдігіне сілтеме жасап.

Әлем чемпионатының қола жүлдегері атанған Жәмилә Бақбергенова елге оралды Фото: Астана әкімдігі

Жанкүйерлер мен Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен, ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Бекболат Байжанов және қалалық спорт басқармасының басшысы Самат Жылқыбаев әлемдік сынның қола жүлдегері мен бапкерін зор құрметпен күтіп алды.

Еске салсақ, Сербия астанасындағы балуандар додасына 77 мемлекеттен 1000-ға тарта күрес шеберлері қатысты. Айтулы бәсекеде жерлесіміз Жәмилә 72 келі салмақ дәрежесінде сынға түсіп, қола жүлдені еншіледі.

Бұл 27 жастағы елордалық спортшының дүние жүзі бәсекесіндегі қатарынан үшінші жүлдесі. Ол 2019 жылы Ослода, былтыр Белградта күміс жүлдеге ие болған.

Туған елге оралған Жәмилә жанкүйерлерінің қолдауын ерекше сезінгенін жасырмады.

"Жанкүйерлердің қолдауын шын сезіндім. Маған демеу берген жандарға көп рақмет! Әлем чемпионаты мен үшін қоламен аяқталды. Әрине, алтын не күміс алсам деген мақсатым болды. Бірақ бұйырғаны қола медаль екен. Алдымызда үлкен жарыс, яғни жазғы Азия ойындары күтіп тұр, бұйырса сәл тынығып жол жүреміз", – деді әлем чемпионатының қола жүлдегері Жәмила Бақбергенова. 

Айта кету керек, Жәмилә – мұндай нәтижеге қол жеткізген әйелдер арасындағы тұңғыш қазақ балуаны. Қазір оның еншісінде Азия чемпионатының 5 медалі бар (3 алтын, 1 күміс, 1 қола).

Енді Астана қаласының балуаны Қытайда өтетін ХІХ жазғы Азия ойындарына дайындықты бастайды. Ханчжоу қаласында ол Олимпиада бағдарламасына кіретін 76 кг салмақта күресетін болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу