Шымкент гарнизонының әуе шабуылына қарсы қорғаныс бригадасында мерзімді әскери қызметін өтеп жүрген қатардағы жауынгер Полатбек Теміров спорттағы жетістіктерімен ерекшеленіп келеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Полатбек Теміров 2007 жылы Шымкент қаласында дүниеге келген. Мектепті аяқтағаннан кейін дене шынықтыру пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша колледжге оқуға түсіп, 2025 жылдың қараша айында академиялық демалыс алып, әскер қатарына шақырылған.
Ол спортпен бала кезінен айналысады. 2022 жылдан бастап пауэрлифтингпен кәсіби түрде шұғылданып, 2024 жылы спорт шеберлігіне кандидат нормативін орындаған.
Жас спортшы республикалық және халықаралық жарыстарда жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. Ол 59 келіге дейінгі салмақта Қазақстан чемпионаттарының төрт дүркін күміс және төрт дүркін қола жүлдегері атанған. Сондай-ақ 2023 жылы Азия чемпионатында күміс медаль жеңіп алса, 2024 жылы Мальтада өткен әлем чемпионатында екінші орын иеленді.
Қазіргі таңда Полатбек Теміров әскери міндеттерін абыроймен атқара отырып, спорттағы дайындығын да жалғастырып келеді. Оның айтуынша, әскерден кейін оқуын аяқтап, пауэрлифтингпен кәсіби деңгейде айналысуды көздейді.
Жас сарбаздың басты мақсаты – әлем чемпионы атанып, Қазақстанның абыройын халықаралық аренада көтеру.