31 наурызда әлемде коронавирус инфекциясын жұқтырудың 640 205 фактісі тіркелді, деп хабарлайды Inbusiness.kz порталы Worldometers порталының мәліметіне сілтеме жасап.
Бұл – қаңтар айынан бергі ең жоғары көрсеткіш.
Науқастар саны ең көп тіркелген ел – Бразилия, ауруға 89 200 шалдыққан. Одан кейінгі орында Үндістан (72 182) және АҚШ (68 756). Францияда вирус жұқтырғандар қатары күрт көбейген, 41 907 науқас тіркелді.
Бұған дейін Еуропада пандемияның үшінші толқыны басталғаны хабарланған болатын. Сарапшылардың айтуынша, мұндай жағдайға вирустың жаңа мутациялары мен вакцинациялау процесінің баяу жүргізілуі әкеліп соққан.
Еуропада бір күнде вирус жұқтырғандар саны ақпан айының басынан бергі рекордтық деңгейге жетті. Кей елдерде шектеулер енгізіліп, коменданттық сағат жарияланды. Франция билігі жалпыұлттық карантин енгізуді жоспарлап отыр. Ондағы қатаң шектеулер төрт аптаға созылмақ.
Табиғат Нұрболат
Фото: Globallookpress.com