АҚШ президенті Дональд Трамптың Еуропалық одақтан келетін тауарларға қосымша 20% баж салығын салу туралы мәлімдемесі Еуропалық комиссия төрағасы Урсула фон дер Лейеннің наразылығын тудырды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Euronews-ке сілтеме жасап.
Әлем көшбасшылары Трамптың қосымша баж салығын енгізу туралы мәлімдемесіне қатысты наразылығын білдіріп жатыр. Мәселен, Австралия АҚШ-пен еркін сауда келісімі аясында "дауларды шешу" жөніндегі өкілеттігін қолданатынын ескертті.
"Біз негізсіз тарифтерді экспорттаушыларымыздан алып тастау бойынша әрі қарай жұмыс жалғастырамыз. Біздің АҚШ-пен арадағы еркін сауда келісімі дауларды шешу тетіктерінен тұрады", - деді Австралия премьер-министрі. Энтони Албанезе.
Ол Вашингтонның тарифтік саясаты мүлдем негізсіз екенін айта келе, Австралия қарымта жауап қайтармайтынын айтты.
"Президент Трамп өзара тарифтер туралы айтты. Өзара тарифтер 10 пайыз емес, нөл пайызға тең болар еді. АҚШ пен Австралия еркін сауда туралы келісім жасады, ал АҚШ Австралиямен сауда балансының оң сальдосына ие. Бұл достық әрекетіне жатпайды", - деді Энтони Албанезе.
АҚШ-тағы ең ірі экспорттаушылардың бірі болып саналатын Азия елдері автоөндірушілер мен басқа кәсіпорындарды қолдау бойынша шұғыл шаралар қабылдауға уәде берді.
Осыған дейін енгізілген 20%-дың үстіне қосымша 34% баж салығы енгізілген Қытай қарымта шаралар қабылдайтынын мәлімдеді.
Жапонияға қосымша 24% кедендік алым енгізілді. Елдің Премьер-министрі Сигеру Исиба бұл шаралардың жапон экономикасына тигізер әсерін талдауды тапсырды. Сонымен қатар АҚШ-тан Жапонияны қосымша баждар тізімінен шығаруды талап етіп отыр.
Канада мен Мексиканың аты тізімде аталмаса да, Канада премьер-министрі Марк Карни Оттаваның жауап қайтаратынын айтты. Себебі бұрын енгізілген болат пен алюминийге 25%-дық баж салығы күшінде қалды.
Айта кету керек, күні кеше Трамп әлемнің 185 еліне ұнамайтын шешім шығарғанын жазғанбыз.