Жаhан елдерінің қарызы 188 трлн долларға жетті, деп хабарлады Finprom.kz.
Халықаралық валюталық қор басшысы Кристалина Георгиева бұл рекордтық көрсеткіш екенін айтты. ХВҚ басшысының айтуынша дамыған елдердің осындай көлемдегі қарызы бұған дейін 1980 жылғы дағдарыс кезінде қалыптасқан.
Жалпы дүние жүзіндегі ең үлкен берешек АҚШ еншісінде. Құрама штаттардың қарызы 23 трлн доллардан асып кеткен. Бұл Америка тарихындағы рекордтық көрсеткіш. Сарапшылар мұны Дональд Трамптың салықтық жүктемені төмендетіп, мемлекет шығынын көбейткенімен байланыстырып отыр.
Ал ЕАЭО елдерінде ең көп қарыз Ресейге тиесілі. Ресей Орталық банкінің 1 шілдедегі мәліметі бойынша көршіміздің берешегі 479, 8 млрд долларды құрайды. Яғни жыл басынан бері 25,2 млрд долларға немесе 5,5%-ға ұлғайған.
Ал әлемдегі жағдайға қарамастан Қазақстан экономикасында жағымды динамика байқалады. Сыртқа қарыз 6 млрд долларға немесе 3,7% азайып, 2019 жылдың 1 шілдесінде 158,3 млрд долларды құрады. Бір жыл бұрын 165,5 млрд доллар еді. Сыртқы қарыздың азаюымен қатар экономиканың өсімі де байқалады. 2019 жылдың қаңтар-маусым аралығында ҚР ІЖӨ өткен жылдық ұқсас мерзімімен салыстырғанда 4,1% өскен.