Әлем лидерлері Ердоғанды сайлаудағы жеңісімен құттықтады

1171

Режеп Тайып Ердоған Түркияның 13-ші президенті болып қайтадан бес жылға сайланды.

Әлем лидерлері Ердоғанды сайлаудағы жеңісімен құттықтады Фото: Anadolu Agency

 

Алғашқылардың бірі болып, Әзірбайжан президенті Илхам Әлиев телефон соқты. Ердоғанды сайлаудағы жеңісімен құттықтай келе, түрік ұлтының игілігі мен елдің дамуы жолындағы қызметіне жаңа табыстар тіледі. Сондай-ақ, "Қымбатты бауырым" деп басталатын хабарламада алғашқы президенттік сапарыңызды Әзірбайжаннан бастауға шақырамын деді.

Сонымен қатар Америка Президенті Джо Байден де Ердоғанды сайлаудағы жеңісімен құттықтады. Байден әлеуметтік желідегі парақшасында "Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанды ​​қайта сайлануымен құттықтаймын" деп жазды.

- "НАТО одақтастары ретінде екіжақты мәселелер мен ортақ жаһандық сын-қатерлер бойынша бірлесіп жұмыс істеуді жалғастырамыз әрі асыға күтеміз" делінген.

Көп кешікпей Ресей президенті Путиннен де құттықтау келді. 

-  "Қымбатты досым, президенттікке қайта сайлануыңызбен шын жүректен құттықтаймын. Мемлекет басшысы ретіндегі жауапты қызметіңізге табыс, денсаулық және бақ-береке тілеймін" делінген хабарламада.

Ал Катар әмірі шейх Тамим бин Хамед Әл Сани әлеуметтік желідегі парақшасында: "Қымбатты бауырым Режеп Тайып Ердоғанды ​​сайлаудағы жеңісімен құттықтаймын. Жаңа президенттік мерзіміңізге сәттілік тілеймін. Бауырлас түрік халқының дамуы мен өркендеуіне, елдеріміз арасындағы қарым-қатынастарды дамытуға және одан әрі нығайтуға үлес қосатыныңызға сенеміз" деп жазған.

Солтүстік Кипр Түрік Республикасының президенті Ерсін Татар президенттік кеңсесінде өткен баспасөз мәслихатында Ердоғанның сайлаудағы жеңісі Солтүстік Кипр Түрік Республикасы мен Шығыс Жерорта теңізіндегі тұрақтылық үшін маңызды екенін атап өтіп, құттықтауын жеткізді.

Сонымен қатар, Франция президенті Эммануэль Макрон да Twitter желісі арқылы Режеп Тайып Ердоғанды сайлаудағы жеңісімен ​​түрік тілінде құттықтады.

Украина президенті Владимир Зеленский де құттықтауын әлеуметтік желіде түрік тілінде жариялады: 

- "Режеп Тайып Ердоғанды ​​президенттік сайлаудағы жеңісімен құттықтаймын. Еуропаның қауіпсіздігі мен тұрақтылығы үшін ынтымақтастығымыз артып, елдеріміздің игілігі үшін стратегиялық серіктестігіміз одан әрі нығая түседі деп үміттенемін" делінген жазбада. 

Бұдан бөлек Пәкістан, Либия, Алжир, Сербия, Өзбекстан, Мажарстан, Венесуэла, Иран, Палестина, Албания, Косово, Ирак, Сомали, Грузия, Ресей, Ливан, Тунис, Судан, Беларусь, Армения, Иордания, Молдова, Израиль, Италия, Германия, Англия секілді бірнеше елдің мемлекет басшыларынан құттықтау келді. Әлі де жалғасып жатыр. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу