Әлем тарихындағы екінші ірі героин партиясы Қазақстан жерінде тәркіленді (видео)

903

Ираннан шыққан 1,1 тонна героин Қазақстан арқылы Нидерланд еліне жетуі керек болған.

Әлем тарихындағы екінші ірі героин партиясы Қазақстан жерінде тәркіленді (видео)

Қазақстанның Қаржы мониторингі комитетінің баспасөз қызметі есірткі картелі туралы шытырман оқиғалы фильмнің сценариіне бергісіз ақпарат таратты.

Оқиға бір жылдан астам уақыт бұрын Алматыда болған. Алматы қаласының экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлері Жетісу көлік прокуратурасымен бірігіп, 1,1 тоннадан асатын героиннің аса ірі партиясын жойған екен. Тергеушілердің айтуынша, бұл әлем тарихында құзырлы органдардың қолына түскен екінші ірі героин партиясы болып тіркеліпті.

Күрделі операцияны комитет қызметкерлері Германияның қылмыстық кеден полициясымен, Ресей, Беларусь, Литва, Польша және Нидерланд құқық қорғау және кеден қызметтерінің көмегімен өткізген. 

2019 жылдың қазан айында Қазақстан аумағына "өңделген мәрмәр" деген белгісі бар транзиттік жүк кіреді. Нидерланд еліне кетіп бара жатқан тауарды тексерген кезде героин нығалған 2208 брикет табылады. Ұйымдасқан қылмыстық топ Ираннан Еуропалық Одақ  елдеріне есірткі өткізуді жоспарлаған. Транзиттің арғы бетінде кімдер тұрғанын анықтау үшін Қаржы мониторингі комитетінің қызметкерлері есірткінің бір бөлігімен ілесіп, Германияға барады. Ол жерде "мәрмәрді" қабылдап алуға келген Түркияның азаматтары қолға түседі. 
"Қазіргі уақытта аталған іс бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 286-бабы, 4-бөлімі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр", - деп жазылған ресми мәліметте.

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу