Әлемде 2 миллиардтан астам адамның таза ауызсуға қолы жетпей отыр

218

Қазақстан Президенті әлемде болып жатқан экологиялық дағдарыс туралы да сөз қозғады. 

 Әлемде 2 миллиардтан астам адамның таза ауызсуға қолы жетпей отыр Фото: freepik

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Сингапур көптеген салада өзара тиімді ықпалдастық жасай алады деп санайды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Климаттың өзгеруімен күрес, су ресурстарын басқару және жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету әрекеттері осы санатқа жатады.

– Қазақстанның Алматыда Орталық Азия елдерінің климат және жасыл энергетика мәселелері жөніндегі жобалық кеңсесін ашу бастамасы бұл мәселелерді шешуде елеулі рөл атқара алар еді. Біз сондай-ақ 2026 жылы БҰҰ аясында Өңірлік климат саммитін өткізуді жоспарлап отырмыз. Климат дағдарысына себепші болатын да, алдымен оның зардабын тартатын да – су саласы. Әлемде 2 миллиардтан астам адамның таза ауызсуға қолы жетпей отыр. Осы ретте мен Су экономикасы жөніндегі жаһандық комиссияның тең төрағасы ретінде көшбасшылық танытқаны үшін Президент Тарман Шанмугаратнамға ризашылығымды білдіремін. Ол биылғы БҰҰ конференциясы шеңберінде Қазақстан мен Франция ұйымдастыратын One Water Summit жиынына елеулі үлес қосатынына сенімдімін, – деді Президент.

Мемлекет басшысы Орталық Азия және АСЕАН елдерінің халықаралық қатынастардағы рөлі туралы пікір білдірді.

– Бүкіл жетекші державалармен тату қарым-қатынас жасайтын Орталық Азия елдері зор мүмкіндіктерге ие. Жас әрі қуатты халық, қалыптасып келе жатқан орта тап, табиғи және ауыл шаруашылығы ресурстарының байлығы, транзит әлеуеті өсім үшін берік негіз қалайды. Аймақтың экономикасы қарқынды дамыса, оның стратегиялық маңызы да арта түседі. Орталық Азия елдерінің жыл сайынғы консультативтік кеңесі, Ядролық қарудан азат Орталық Азия аймағы және Халықаралық Аралды құтқару қоры аясындағы қарым-қатынастар өңіріміздің дербес ынтымақтастық құруға қабілетті екенін көрсетеді. Біздің өңір жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Мен барша серіктестерімді бізге осы тұрғыдан қарауға шақырамын. Менің ойымша, Сингапурдың АСЕАН кеңістігінде ашық әрі инклюзивті аймақтық архитектураны құруды көздейтін "өзара тоғысатын достар ортасы" ұғымы – Орталық Азия үшін де өте өзекті. Дәл сол себепті Орталық Азия С5+ ынтымақтастық тетігін құру бастамасын көтерді. Біз өзекті өңірлік міндеттерді шешу үшін барша мүдделі тараппен жұмыс істеуге ниеттіміз, – деді Президент.

Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай келе, өзара сыйластық пен ортақ мақсаттарға негізделген әріптестік қатынастарды нығайтуға және баршаға ортақ бейбіт әрі жарқын болашақ құру жолында күш біріктіруге шақырды.

Дәрістен кейін Қасым-Жомарт Тоқаев геосаяси қақтығыстарды реттеу, халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, орта державалардың рөлі, Қазақстан мен Сингапурдың ынтымақтастығын дамыту перспективасы туралы бірқатар сұраққа жауап берді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу