Әлемде 350 млн-ға жуық адам гуманитарлық көмекке мұқтаж

388

Биыл дүние жүзі бойынша гуманитарлық көмекке деген сұраныс 54 млрд доллардан асты. 

Әлемде 350 млн-ға жуық адам гуманитарлық көмекке мұқтаж Фото: UN News

Осы жылдың басында Еуроодақ әлемде гуманитарлық көмекке 1,7 млрд доллар жұмсамақ. Оның ішінде 890 млн доллар Африка мен Таяу Шығыс елдеріне, тағы 237 млн доллар Азия мен Латын Америкасына бағытталады. Ал, 207,8 млн доллар Оңтүстік-Шығыс Еуропаға және Еуроодақтың көршілес елдеріне кетеді, деп жазады inbusiness.kz finprom.kz порталына сілтеме жасап.

Тағы 141,5 млн долларды төтенше жағдайларға ден қою үшін, 122 млн долларды күтпеген гуманитарлық дағдарыстар жағдайында, ал қалған 108,2 млн доллар гуманитарлық саладағы инновациялық жобалар мен саяси бастамаларға жұмсау жоспарланған.

2023 жылдың бірінші тоқсанының аяғында БҰҰ гуманитарлық дағдарыстарды үйлестіру басқармасының жаһандық гуманитарлық шолуына сәйкес, биылға қажетті гуманитарлық көмек көлемі 54,4 млрд долларды құрап отыр. Көмекке мұқтаж адамдардың саны – 349,7 млн. Оның ішінде 125,6 млн адам Эфиопия, Ауғанстан, Йемен, Конго және Пәкістанға тиесілі.

Гуманитарлық көмек жоспарына (HRP) сәйкес, гуманитарлық көмектің басым бөлігі – 4,81 млрд доллар Сирия Республикасына қажет. Одан кейінгі орында Ауғанстан (4,63 млрд доллар) және Йемен (4,34 млрд доллар) орналасты. Бұдан басқа көмектің айтарлықтай бөлігі Эфиопия (3,99 млрд доллар) және Украинаға (3,95 млрд доллар) қажет.

Төтенше жағдайлар жоспарына, аймақтық әрекет ету жоспарына және басқа да осыған ұқсас жоспарларға сәйкес, гуманитарлық көмекке ең үлкен қажеттілік Сирияда байқалады: 5,38 млрд доллар. Екінші орында Венесуэла орналасты: 1,72 млрд доллар. Босқындардың сұраныстарына жауап берудің аймақтық жоспарына сәйкес, Украинаның гуманитарлық көмекке деген қажеттілігі 1,69 млрд долларды құрайды.

Бұдан бөлек жойқын зілзаладан зардап шеккендерге көмектесу мақсатында қаржылай гуманитарлық көмектің айтарлықтай көлемін Түркияға жіберу жоспарланып отыр: 1,01 млрд доллар. Қосымша ақпараттың түсуіне қарай бұл сома мөлшері қайта қаралуы мүмкін. Сондай-ақ Сириядағы жер сілкінісінен зардап шеккендерге көмектесу үшін 397,6 млн доллар бағыттау көзделген.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу