Әлемде 5G желісі абоненттерінің саны миллиардтан асты

595

Бесінші буын желісінің үлесі бір жылда 6,7%-дан 12,5%-ға дейін артты. 

Әлемде 5G желісі абоненттерінің саны миллиардтан асты Фото: google

Өткен жылдың қорытындысы бойынша дүние жүзінде 5G желісі абоненттерінің саны алғаш рет 1 млрд-тан асты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есеге жуық көрсеткіш, деп жазады inbusiness.kz finprom.kz порталына сілтеме жасап.

Ericsson болжамы бойынша 2028 жылдың аяғына қарай 5G абоненттерінің саны 5 млрд-қа жетеді. Осылайша бұл нарықтың жартысынан астамын (53,9%) құрайтын болады.

Бұдан бөлек 4G желісі абоненттерінің саны 2022 жылы ең жоғары деңгейге жетті: 5,2 млрд. Бұл нарықтың 61,5%-ын құрайды. 2023 жылдан бастап 5G дамуына байланысты төртінші буын желісін пайдаланушылар үлесінің біртіндеп азаюы болжанып отыр. Ал, 2G, 3G желілерінде құлдырау динамикасында сақталады.

5G желісі 4G-ге қарағанда 100 есе жылдам.  Бұл технологияның көмегімен қауіпсіз, интеллектуалды әрі тұрақты болашақ құруға болады.

Ұялы байланыс жүйелерінің эволюциясы 1980 жылдардан бастау алады. Ол 1G, 2G, 3G, 4G және 5G секілді буындарды қамтиды. Олар өз кезегінде аналогтық (1G) және сандық (қалғаны) байланыс жүйелеріне бөлінеді. Ұялы байланыс эволюциясының әр жаңа кезеңі Generation деген атқа ие.

Өз кезегінде Қазақстанда 5G желісін коммерциялық пайдалануға беруді екі ұялы байланыс операторы – Kcell/Activ және Tele2/Altel жүзеге асырып жатыр.

Мысалы, Kcell ұялы байланыс операторы республикалық маңызы бар қалаларда 5G-дің 48 базалық станциясын орнатты. Атап айтқанда, Алматыда – 28, Шымкентте – 10, Астанада – 1, Түркістанда – 9.

Елде 5G желісін енгізу телекомның дамуына және экономикаға айтарлықтай серпін бермек.  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу