Әлемде алғаш рет соғып тұрған жүрек сәтті ауыстырылды

202

Бұл жаңалықты Fox News хабарлады, деп жазады inbusiness.kz сайты.  

Әлемде алғаш рет соғып тұрған жүрек сәтті ауыстырылды Фото: NTUH

Тайвань Ұлттық университеті ауруханасының (NTUH) хирургтері әлемде тұңғыш рет донорлық жүректі соғып тұрған күйінде сәтті трансплантациялады. Жаңа әдіс бойынша, жүрек оттегімен қаныққан қанды үзіліссіз айдап отырды. Ал дәстүрлі жүрек трансплантациясында орган суықта сақталып, қан айналымы уақытша тоқтатылады. Бұл жағдайда жүрек бірнеше сағат бойы оттегі жетіспеуінен зақымдануы мүмкін, әрі оны қабылдамау қаупі жоғарылайды.

Мұндай қауіптерді болдырмау үшін NTUH мамандары донорлық жүректі тоңазытусыз, оттегімен үздіксіз қамтамасыз етіп тұратын арнайы портативті құрылғы жасап шығарған. Бұл құрылғы сорғылар, оксигенаторлар және резервуарлар жүйесі арқылы жүректің денеден тыс жұмысын толық қамтамасыз етеді.

- Алғашқы операция барысында біздің топ донор жүрегін әлі де соғып тұрған кезінде арнайы құрылғыға қосып, операциялық бөлмелер арасында қауіпсіз түрде тасымалдады. Жаңа жүрек 49 жастағы дилатациялық кардиомиопатия диагнозы қойылған әйелге салынды. Пациент тез қалпына келіп, жүрек бұлшықетінің зақымдануын білдіретін фермент деңгейлері өте төмен болды, - делінген ресми хабарламада.

Айта кетейік, Стэнфорд университеті 2023 жылы осыған ұқсас трансплантация әдісін қолға алғанымен, олар қолданған тәсілде органды ауыстыру кезінде 10-30 минуттық ишемиялық кезең болған. Ал NTUH әдісі арқылы жүрек бір секундқа да тоқтамай, үздіксіз соғуын жалғастырған.

- Жүрек операцияға дейін де, одан кейін де тоқтаусыз соғып тұрды. Бұл - адам өмірін сақтау жолындағы медициналық серпіліс, - деді NTUH трансплантология бөлімінің жетекшісі Чен Их-Шурнг.

Бұл әдіс жүрек трансплантациясының қауіпсіздігін арттырып, науқастардың өмір сүру сапасын жақсартуға үлкен үміт сыйлайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу