Әлемде бағаның өсуіне не әсер етіп отыр

1742

Биыл ел экономикасындағы өсім қалпына келе бастады. Тоғыз айдың қорытындысына сәйкес, бұл көрсеткіш 3,4%-ға дейін артты. Нақты секторда өсім 3,5% болды, деп жазады inbusines.kz тілшісі ranking.kz сайтына сілтеп.

Әлемде бағаның өсуіне не әсер етіп отыр

Инфляция да айтарлықтай өсті. Қазанның қорытындысына сәйкес, елде тауарлар мен қызметтердің бағасы бір жылда 8,9%-ға өсті. Инфляция өсімі маусымнан бастап айтарлықтай жеделдеді, бағаның өсуі азық-түлік тауарларына да, азық-түлік емес тауарларға да, ақылы қызметтерге де әсер етті. Айта кетейік, инфляция қазанда ғана баяулап, қыркүйектегі деңгейде қалды – мамырдан бері бірінші рет.

Бағаның өсуі – жалғасып жатқан дағдарыс факторларының бірі. Мұндай жағдай бүкіл әлемде – дамыған және дамушы елдердің бәрінде дерлік байқалады.

Қазақстанда азық-түлік тауарларының бағасы айтарлықтай өсті (қазанда 11,3%-ға өсті). Қыркүйекпен салыстырғанда (11,5%) азық-түлік инфляциясы баяулады. Шілде-тамызда ұзақ сақталатын көкөністер (картоп, сәбіз, қызылша) бағасы кейінгі жылдардағы рекордты бұзды. Бұл жаз маусымына тән емес.

Ет бағасы да инфляцияны жеделдетті (қазандағы есеп бойынша, былтырғыдан 10,3%-ға өскен). Күнбағыс майы (жылына – 56,2%) мен қант біршама (жылына – 32,1%) қымбаттады. 

Әлемде, ФАО (БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының) деректеріне сәйкес, бір жыл ішінде ет бағасы орта есеппен – 12,1%-ға, өсімдік майы – 84,8%-ға, қант 19,1%-ға өсті.

Азық-түлікке жатпайтын тауарлар инфляциясы Қазақстанда 7,8% болды. Негізінен бензин (жылына+15,6%), дизель отыны (жылына +24,4%) және ұзақ пайдаланылатын тауарлар бағасының өсуі тіркелді. Ал ақылы қызметтердің бағасы 6,9%-ға өсті.
Әлемдегі инфляциялық қысым шикізат, энергия және көлік тасымалы бағасының өсуіне байланысты күшейе түсті.

Логистиканың шекараларда тұрып қалуы ұзаққа созылып, жағдайды одан сайын нашарлатты. Жағымсыз факторлар бүкіл әлемдегі инфляцияны күшейтті.

Баға көптеген елде талай жылдан бергі рекордты бұзады. Мысалы, Еуростаттың деректеріне сүйенсек, еуроаймақтағы инфляция 13 жылдық максимумға дейін көтеріліп, 4,1%-ға жеткен. Бұл – ұлы рецессиядан бергі ең жоғары көрсеткіш. Бұл Еуропалық орталық банктің 2,2% жылдық бағасынан екі есе жоғары. Бір ай ішінде инфляция деңгейі Бельгияда 3,8%-дан 5,4%-ға дейін, Германияда 4,1%-дан 4,6%-ға дейін, Эстонияда 6,4%-дан 7,4%-ға дейін, Ирландияда 3,8%-дан 5,1%-ға дейін, Францияда 2,7%-дан 3,2%-ға дейін, Италияда 2,9%-дан 3,1%-ға дейін, Литвада 6,4%-дан 8,2%-ға дейін өсті.

АҚШ-та тауарлар мен қызметтердің бағасы қазанда 5,8%-ға өсті. Қыркүйекте 5,4% өсу көрсеткіші тіркелген, бұл бағаның 1990 жылдан бергі ең жылдам өсуі болған. 

Бүкіл әлемде баға жылдам өскен соң Қазақстанға да оң әсер етпейді деп есептейді мамандар. Саудадағы басты әріптес елдердегі инфляция сырттан қысым көрсетіп отыр. Мәселен, негізгі серіктес – Ресейде инфляция бес жылда алғаш рет 8%-дан асты.

Әлемдік факторлардан басқа, тұтынушы белсенділігін қалпына келтіру, көрсетілетін қызметтер секторын жандандыру, экономиканы фискалдық ынталандыру жұмыстарының саясаты және жекелеген тауар нарықтарындағы теңгерімсіздіктер сияқты бірқатар жергілікті факторлар да Қазақстандағы инфляцияға әсер етеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу