"Bank for International Settlements" (Халықаралық есеп айырысу банкі) қазан айының соңында шетелдік валюталардың биржадан тыс айналымына қатысты үш жылдық шолу есебін жариялады, деп жазады inbusiness.kz банктің ресми сайтына сілтеме жасап.
Оған сәйкес , биылғы сәуір айында бүкіл әлем бойынша валюта саудасының орташа көлемі 7,5 трлн долларға жеткен. Бұл 2019 жылғы көрсеткіштен (6,6 трлн доллар) 14%-ке жоғары.
Әлем бойынша жиі саудаланатын валюталар бестігі мынадай: бірінші орында айналымы 6,6 трлн доллар -АҚШ доллары, екінші орында айналымы 2,3 трлн долларды құрайтын -еуро, үшінші орында жапон иені тұр, оның айналымы 1,2 трлн доллар, төртінші орында 968 млрд доллар көлеммен айналымда жүретін фунст-стерлинг, бесінші орында қытай юані. Оның әлемдік айналымы 526 млрд долларды құрайды.
Жалпы Қытай юаніндағы айналым нарықтың 4%-ін құрайды. Банктің 2019 жылғы есебінде ол сегізінші орынға тұрақтаған еді.
Ал, әлем бойынша АҚШ доллары жетекші валюта болып қала береді, оның нарықтағы үлесі - 88%. Еуроның нарықтағы үлесі 30,5%, алайда 2019 жылғы есепте бұл көрсеткіш 32% болатын.