Қазақстан ЖІӨ-ге 1 млн доллар қосу үшін 400 тоннадан астам мұнай өндіреді. Бұл туралы бүгін "Энергетиканың тұрақты дамуын қамтамасыз ету" жөніндегі министрлер конференциясында ҚР энергетика министрі Қанат Бозымбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"Қазақстан экономикасы айтарлықтай деңгейде табиғи ресурстарды, бірінші кезекте көмірсутегі шикізатын өндіруге негізделген. Елдің жалпы ішкі өнімінің шамамен 15 пайызы көмірсутекті сатудан түскен кірістен қалыптасады. Қазақстанның мұнай, газ, көмір, уранды қоса алғандағы бастапқы энергия ресурстарының жиынтық қоры мұнай эквивалентімен шамамен 32 млрд тонна болып бағаланады. Бұл жалпы дәлелденген әлемдік энергия ресурстарының шамамен 4 пайызын құрайды. Республика көмірсутегі қоры бойынша жетекші елдердің арасында 12-ші орында тұр. Біз табиғи уран қоры мен өндіру көлемі бойынша көшбасшымыз. Әлемде өндірілетін уранның үштен бірінен астамы біздің елімізге тиесілі", - деді министр.
Сонымен қатар ол Қазақстан энергия ресурстарын нетто-экспорттаушы саналатындығын, елде өндірілетін ресурстардың 40 пайызға жуығын ғана тұтынатындығын айтты. "Елдің жалпы ішкі өніміне 1 миллион доллар қосу үшін мұнайдың 400 тоннадан астам эквивалентін өндіру қажет. Мұндай жағдайда біз алдымызға ауқымды міндеттер қойып отырмыз. Біз 2020 жылға қарай ЖІӨ-дегі энергия қамтымдылықты 25 пайызға және 2050 жылға қарай 50 пайызға төмендетуді мақсат етудеміз. Экономиканы жаңғырту жолымен, оның ішінде елдің энергиялық теңгерімін энергияның балама және жаңаратын көздерімен қалыптастыра отырып, оның үлесін 2020 жылға қарай 3, ал 2050 жылға қарай 50 пайызға жеткізбекпіз", - деді Бозымбаев.