Әлемде тағы бір қауіпті вирус таралып жатыр

231

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымдары мамандары ауруға бей-жай қарамауға шақырады.

Әлемде тағы бір қауіпті вирус таралып жатыр Фото: Anadolu Agency

АҚШ-тың Калифорния штатында алғаш рет жаңа туған нәрестеден құс тұмауы анықталды. Осыған дейін, вирустың таралуы тек ересек адамдарда кездескен болатын, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты 24.kz-ке сілтеме жасап.

АҚШ-тың Калифорния штатында алғаш рет H5N1 типті құс тұмауы жаңа туған сәбиден анықталды. Инфекция ауруларды бақылау және алдын алу жөніндегі Федералды орталықта расталды. Мамандар баланың инфекцияны қалай жұқтырғанын анықтау үшін, отбасы мүшелерінен сынақтар алды. Нәтиже теріс болды. Дегенмен, өзге де респираторлық вирустар болуы мүмкін дейді дәрігерлер.

Жалпы жыл басынан бері, құс тұмауын 55 адам жұқтырған. Оның 29-ы Калифорния штатынан анықталды. Осыған қарамастан, халық үшін инфекцияның таралу қаупі төмен болып қала береді, дейді штат билігі.

Негізінен вирус құстармен және малмен байланыста болатын фермерлер үшін өте қауіпті. Бірер апта бұрын құс тұмауын канадалық жеткіншек жұқтырды. Ол Британдық Колумбия провинциясының тұрғыны. H5N1 вирусын жұқтыру көзі әлі анықталған жоқ, бірақ бала вирусты жұқтырмас бұрын, ит-мысықпен ойнаған. Артынша, бірден қызуы көтеріліп өзін жайсыз сезінген. Көзі қышып, жөтелі ұлғайған соң ауруханаға жатқызылды. Әзірге жағдайы қалыпты, дәрігерлердің бақылауында.

Жалпы бұл аймақта жабайы құстар арасында құс тұмауының 26 жағдайы тіркелген. 1960 жылдары ашылған құс тұмауы вирусы ұзақ уақыт бойы адамдарға қауіп төндірмеді. Алайда жағдай 20-ғасырдың аяғында түбегейлі өзгерді. 1997 жылы Қытайдың Гонконг қаласында виурстан алты адам көз жұмды. Содан бері құс тұмауы Азиядан Еуропаға, АҚШ-қа және Африкаға ет-сүт өнімдерін сату арқылы тарады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегіне сүйенсек, кейінгі 2 онжылдықта 23 елде құс тұмауын 800-ден астам адам жұқтырып, 463 адам қайтыс болған. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу