Әлемде террористік және экстремистік топтар жанданған – Мәулен Әшімбаев

238

Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің хатшылығы өтіп жатыр. 

Әлемде террористік және экстремистік топтар жанданған – Мәулен Әшімбаев Фото: Парламент Сенаты

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі XXІІ Хатшылығының отырысында жаһандық сын-қатерлер бір-бірімен өзара астасып жатқанын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Бүгінгі жиынымызда бірнеше мәселені қарастырамыз. Олардың қатарында алдағы сегізінші съезді ұйымдастыруға қатысты мәселелер де бар. Осыдан екі жыл бұрын біріккен күш-жігеріміздің арқасында жетінші съезді нәтижелі өткіздік", - деді Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі XXІІ Хатшылығының отырысында.

Ол соңғы бірнеше жылда адамзат бұрын-соңды болмаған қиындықтарға тап болып отырғанын жеткізді. Барлық жаһандық сын-қатерлер бір-бірімен өзара байланысып, астасып, өзара тәуелді және бір-біріне ықпалы күшейіп отырған жағдайда өмір сүріп отыр, деді Сенат спикері.

"Таяу Шығыстағы жағдай да ушығып тұр. Украинада соғыс қимылдары әлі де жалғасып жатыр. Планетада шиеленісу жағдайлары күннен-күнге көбейіп келеді", - деді Мәулен Әшімбаев.

Айтуынша, Қазақстан барлық елді зорлық-зомбылық пен күш көрсетуден бас тартуға, сонымен қатар болашақтағы жағдайды ушықтырмауға шақырады.

"Осыған орай біз әртүрлі қақтығыстарды, Таяу Шығыстағы қақтығыстарды тоқтатып, оларды дипломатиялық жолмен және БҰҰ Жарғысына сәйкес шешу үшін уағдаластыққа шақырады. Сонымен қатар Украинада қантөгіс жағдайы қайталанып отыр. Шиеленіс күн сайын өсіп келеді. Соңғы онжылдықтың ішінде қарулану да көбейіп келе жатқанын көріп отырмыз. Бұдан бейбіт халық зардап шегіп отыр. Көптеген күш халықаралық шиеленісті, радикалдық идеологияны ілгерілетіп, бір-біріне деген өшпенділікті жандандыру үшін қолданып отыр. Әлемде террористік және экстремистік топтар жанданған. Бұл теріс жағдайлар кедейшілікті, теңсіздікті ушықтыра түседі. Сондай-ақ қоршаған ортаны нашарлатып, климаттың дағдарысына әкеліп тұр", - деді Мәулен Әшімбаев.

Айта кету керек, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің хатшылығы жыл сайын жиналады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу