Әлемде 4 миллиардқа жуық адам интернетті пайдаланбайды, делінеді сейсенбі күні жарияланған Халықаралық телекоммуникациялық одақтың (ХТО) баяндамасында, деп жазады "РИА Новости".
ХТО-ның мәліметтеріне сәйкес, 3,9 миллиард адам интернетті қолданбайды. Олар негізінен әйелдер, қарттар, сауаты төмен адамдар, табысы аз және шалғай елді мекендердің тұрғындары. Адамдар ғаламторға көбірек енуі үшін, баяндама авторлары әлеуметтік-экономикалық теңсіздікті азайтуды ұсынады. Себебі білім мен табыс адамның интернетті пайдалану-пайдаланбауын анықтайтын негізгі көрсеткіш болып табылады. ХТО-да сондай-ақ мобильді интернетті пайдаланушылардың саны күрт өскенін атап өткен.
Баяндамада 2016 жылдың соңында әлем бойынша ұялы телефонды пайдаланушылардың саны Жер шары халқының санына пара-пар екені айтылған. Сонымен қатар адамдардың 95%-ы ұялы байланыс бар аймақтарда өмір сүріп жатыр. Дей тұрғанмен ХТО бұл мәліметтер нақты болмауы мүмкін, өйткені көпшілігі бірнеше телефон пайдаланады дейді. Мысалы, дамыған елдерде адамдардың 20%-ында ұялы телефон жоқ. Олар 5-14 жас аралығындағы балалар мен 74 жастан асқан қариялар. Баяндамада келтірілген Ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың даму индексіне сәйкес, АКТ дамуы жағынан екінші жыл қатарынан Корея Республикасы алда келеді. Екінші орында Исландия тұрса, үшінші орынды Дания иеленіп отыр.