Мәртебелі меймандарды әлемге әйгілі адам тәріздес робот Thespian қарсы алады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Форум Петропавлда жаңадан салынған Оқушылар сарайында өтпек. Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путинді холлда робот қарсы алып, адаммен тілдесу мәнерін көрсетеді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, Thespian қара жорға да билеп береді.
Thespian - ағылшын тілінен аударғанда "драмалық актер" деген мағынаны береді. Сезімін білдіре алатын роботтың тағы бір ерекшелігі - полиглоттығы. Ол әлемнің 17 тілінде сөйлейді. Темір адам қимыл қозғалысты қайталай алады, күледі, тіпті, жылайды да. Содан болар, Thespian көптеген театрлық қойылымдарға қатысып үлгерді. Олардың арасындағы ең басты ролі - Шекспирдің Гамлеті.
Мамандардың айтуынша, қазір әлемде осындай 78 робот бар. Thespian Петропавлға Англиядан жеткізілген. Форумнан кейін ол Оқушылар сарайында қалмақ.
Жалпы, Петропавлда ашылғалы отырған Оқушылар сарайының ұстанған бағыты бойынша елімізде аналогы жоқ. Басымдық физика, электромеханика, робототехникаға берілген. Балалар зерттеу-жобалау жұмыстарымен айналысады. Осы мақсатта 16 зертхана жұмыс істемек. Сондай-ақ 67 үйірме ашылады деп жоспарланған.
Оқушылар сарайының директоры Д. Әбілмәжінованың айтуынша, балалар қосымша білімді тегін алады
Қазақстан мен Ресей президенттерінің кездесуі Оқушылар сарайының мәжіліс залында өтеді деп күтілуде. Мерейтойлы XV форумның тақырыбы: "Қазақстан мен Ресейдегі туризмді дамытудың жаңа тәсілдері мен үрдістері".